Даму бағыты бағамдалды
Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Күн тәртібінде өңірдің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, Электр энергетикасы саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды.

Жиында облыс басшысы негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар екенін, алайда кейбір салаларда төмендеу байқалғанын атап өтті. Әсіресе, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы бағыттарында көрсеткіштерді жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын жалғастыру міндеті қойылды.

Облыс әкімі жауапты басшыларға 20 қарашаға дейін қысқа мерзімді экономикалық индикатордың төмендеу себептерін талдап, жыл қорытындысына арналған тұрақтандыру жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, тау-кен өндірісінен тыс жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру қажеттігін қатаң тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы электр желілерінің жоғары тозу деңгейін төмендету, Қаражал қаласындағы иесіз қалған желілерді коммуналдық меншікке беру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен цифрлық технологияларды дамыту жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.

– Энергетика саласында оң нәтижелер бар, алайда шешуді қажет ететін мәселелер де аз емес. Жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз электрмен қамту – басты міндет, – деді облыс әкімі.

Жиын соңында қала және аудан әкімдеріне жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің төмендеуіне жол бермеу, нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, уақтылы орындау жөнінде тапсырма берілді.
