Даланың дара ұстазы

Бір Құдайға сыйынып,

Кел, балалар, окылық!

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық – деген небәрі төрт жолдан ғана тұратын осы өлең шумағын бүкіл қазақ даласында білмейтін адам кемде — кем десек, қателеспеген болар едік. Өйткені, бұл өлең жүз жылдан астам уақыт Қазақстанның оқулық кітаптарына еніп, мектеп табалдырығынан аттаған әрбір баланың алғашқы әліппесі болып келеді. Сондықтан да ол, өлең жолдары әрбір қара таныған казақтың көкірегінде сақталып, жүрегінде жатталып келеді. Қазак халқы бұл өлеңдермен бірге, оны жазып шығарған және басып тараткан адамның да есімін жақсы біледі. Ол – Ыбырай Алтынсарин.

Қазақ даласындағы алғашқы ағартушы педагог, жазушы-этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері – Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп, республикалық деңгейде аталып өтуде.. Бұл – біз үшін үлкен мереке.

Осыған орай, «Кел, балалар, оқылық!» апталығы аясында Жезді мектеп-интернатының бастауыш 1 сынып мұғалімі Гүлнәз Қауметқызы «Ұлттың ұлы ұстазы» атты тәрьие сағатын өткізді. Бастауыш 1 сынып оқушыларына Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына қысқаша мағлұмат беріп, балалар Ыбырайдың шығармаларын қай бағытта жазылғанын постерге жапсырмалап көрсетті.

Мектеп кітапханашысы Жаннат Бірімжанова оқырман балаларға «Ұлы тұлға — Ыбырай Алтынсарин» атты ашық кітап көрмесін таныстырып, викториналық сұрақтар қойды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Камшат Құсайынова Ұлы ағартушының білім беру саласындағы еңбектерін насихаттап әдеби шығармашылығы: өлеңдері мен әңгімелерін оқу барысында парасаттылыққа, еңбекқорлыққа баулып, тарихи тұлғаны құрмет тұтуға, үлгі алуға тәрбиелеу мақсатында 7 А сынып оқушыларымен «Даланың дара ұстазы» атты танымдық-әдеби сағат ұйымдастырып өткізді.

Іс-шара 3 бөлімнен тұрады.

1.Ыбырай Алтынсарин өмірі және ағартушылық жолы.

2.Ыбырай Алтынсарин – ақын. Өлеңдері.

3.Ыбырай әңгімелерінің тәрбиелік мәні. Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, «Әке мен бала», «Бір уыс мақта» әңгімелері бойынша көрініс қойып тәрбиелік мәніне кеңінен тоқталып өтті.

Қорыта келе, Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы…» деп айтқандай, білімді игертпес бұрын балаға алдымен саналы тәрбие беру керек. Ал, саналы тәрбие өзегі адами қасиеттердің бала бойында көрініс табуында. Білімді ұрпақ бойында мейірімділік сияқты қасиеттер болмаса, олардың алған білімі ел ертеңіне қауіп төндірмесіне кім кепіл?!

Жаһандану заманында интернетпен қоректеніп өсіп келе жатқан бала ертеңгі ел тірегі, рухани толық тұлға бола ала ма? Жоқ… өкінішке орай, техника ғасыры бізге жеті түрлі өнер үйретсе де, ұлттық құндылық пен рухани байлықты, сайып келгенде адами қасиеттерді дарыта алмасы хақ. Мағынасы тереңде, ойға ой қосатын шығармаларды оқыту арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеуге болады. Ал, әдебиетте адами қасиеттерге тұнып тұрған Ыбырай әңгімелері десек, қателеспейміз. Адамгершілік іспетті ізгі қасиеттерді дамытуда Ыбырай әңгімелерінің құндылығы басым. Шығармаларының қайнары оның халық тұрмысынан яки шындықтан алшақтамаған. Адам әрекеттерін болмысына сәйкес бейнелеп суреттеуде негіз етіп сол адами бағытты ұстанған. Түпкі өзек етіп «адам» болуды алған. Демек, Дала қоңырауының адами қағидалары бала тәрбиелеуде біздің басты міндетімізге айналуы тиіс. Бүгінгі ұстаз Ыбырай Алтынсарин әңгімелерін оқыту арқылы ғана саналы, ел ертеңін ойлайтын, бауырмал, жанашыр ұрпақ тәрбиелей алады.

 Кәмшат ҚҰСАЙЫНОВА,

Жезді мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.