«Даламыздың үнісің сен, домбыра!»
Қазақ халқының төл аспабы – домбыра. Сонау ертеден өзінің негізгі құрылысын, түр-тұрпатын сақтап келе жатқан ұлттық аспап. Ел ішіндегі шеберлер оның формасын өзгертуден гөрі дыбыстық ауқымын, мелодиялық мүмкіндігін арттыруға ғана күш салып келген. Қазақ аспаптық музыкасының шырқау биікке жеткен кезі – ХІХ ғасыр. Бұл дәуірдегі әншілік, күйшілік өнердің үрдіс дамуы домбыраның жетілуіне де ықпал етті. Осы кезде домбыраның үнділігін, дыбыстық әуездігін күшейту керек болды. Бұл қажеттілік домбыраның перне санын көбейтіп, шанағының жаңғырғыштығын молайту мақсатында жүргізілді. Бұған хас шеберлер барынша атсалысты.
Дарынды домбырашылардың қолындағы ең сапалы домбыра үлгісіне қарап, сол жобада домбыра жасауды дәстүрге айналдырды. Қазір елімізде домбыралардың бірнеше түрі болғанымен барлығы бір-біріне ұқсас. Тізбелеп айтсақ, Батыс Қазақстан, Оңтүстік және Жетісу, Орталық пен Шығыс Қазақстан үлгілері бар. Ал, орталық Қазақстанға таралған домбыралардың шанағы күрек тәрізді, жалпақ, мойны қысқалау болады. Перне саны 7-8 немесе 11-ден асынқырамайды. Халық шеберлер жасаған бұл домбыралардың үні перне санына, шанағының көлеміне, мойнының ұзындығына қарай әсерлі де әуезді болып келеді. Домбыра әуездігі оның жасалуына да тікелей байланысты. Кез келген ағаштан домбыраны жасай салуға мүлдем болмайды. Қарағай, қайың, жаңғақ сияқты ағаштардан ғана жасайды. Тиектің өзін әбден кепкен ағаштың бөлшегінен жонып келтіреді. Ағашы дымқыл, шірік болса, онда музыкалық таза дыбысқа зияны тиеді. Бүгінгі дамыған заманымызда домбыраны қастерлейтін күн де жеткен сияқты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылы шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Содан бері жаңа мейрам ретінде Қазақстанда жыл сайын Домбыра күнін атап өту дәстүрге айналды. Мұны біз ұлттық қазынаға деген құрметтің белгісі деп ұққанымыз жөн. Себебі, бағзы замандардан қазақ мәдениетіндегі домбыраның орны ерекше.
Осы тұста айта кетерлігі, осыдан екі жыл бұрын Ұлытауда өткен «Жезкиік» фестиваліне шетелден өнерпаздар молынан жиналды. Сонда сыртқары елдерден келген меймандар домбыраның үніне құлақ түріп, ұлттық аспабымыздың құдіреттілігіне таң қалғаны әлі есімде. Мұны біз домбыраның ерекше қасиеті-ау, деп білдік. Ең бастысы, домбыраны сөйлете білуде. Сөйлете білсең, адамның бар сезімін, мұңын, қуаныш пен сағынышын айна-қатесіз жеткізе алады. Мысалы, «Ақсақ құлан» күйінің тарихына үңілетін болсақ, Шыңғысханның ұлы Жошының қазасын естіртіп, күйші Кетбұғаның өмірін ажалдан арашалап қалған осы – домбыра емес пе?! Шаңырақ көтерген жас жұбайларға да алғашқы тілек жаржар, беташар домбыра арқылы жеткізіледі. Осыдан-ақ, домбыраның қазақ халқының өмірінен маңызды орын алатынын байқауға болады. Түптеп келгенде, домбыра тарихымыз бен дәстүріміздің куәсі. Ал, бүгінгі мереке сол бабамыздан мұраға қалған қазынаны сақтау. Сол қазынаның бірі – домбыра. «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ — домбыра» деп арқалы ақын Қадыр Мырза Әлі бекер айтпаса керек. Домбыра қазақ халқының үні, айнымас серігі.
Нұржан СҮЙІНБАЕВ,
аудандық мәдениет үйінің күйшісі.