Бюджет саясаты – бюджетті басқару арқылы оң жетістіктерге жету
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының алдағы кезеңдегі басым бағыттарын белгілеп берді. Экономикалық саясаттың жаңа моделіне көшудің нақты және тиімді тетіктері айқындалды. Олар әділдік, инклюзивтілік, тиімділік және прагматизм қағидаларына табан тірейді. Ұсынылған шаралар экономикадағы құрылымдық өзгерістерге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.
Президент Жолдауында қордаланған мәселелерді жаңа экономикалық саясат құру арқылы шешу жолдарына тоқталды. Тұрақтылықтың заңдық жүйеленуіне, инвестиция тартудың мақсатына, нәтижесіне және дифференциялық салық жүйесіне көшудің қажеттігіне, салық тиімділігін арттырудың маңыздылығына, тексерудің көптігіне тоқтала келе, бюджет саясатында Ұлттық қордың қаражатын алуды тоқтатуды, игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыру, мемлекеттік сатып алу заңын қабылдау керектігіне назар аударды.
Елімізді азық-түлікпен қамтатамсыз ету үшін өнім өндірушілерге жер керектігін, жер телімдерін бөлу нормаларын анықтаудың қажеттігін, субсидия бөлуді, инфрақұрылымның көлеміне сәйкестігін қамтамасыз етудің олқы тұстарына тоқталды.
Сондай-ақ, Президент Жолдауда өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес салық төлемдерінің бір бөлігін аймақтарға беру көзделіп отыр. Бұдан былай аудандық әкімдіктер бюджетті өздері жасақтай алады. Бұл, өз кезегінде жергілікті жердегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады. Бұл ең алдымен сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет екенін атап өтті.
Бұдан бөлек жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керектігін айтты.
«Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек. Ұсынылып отырған бастама өте маңызды. Келешекте аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті барлық әкім бюджетаралық қатынастардың жаңа үлгісіне көшу кезінде оның біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы және тиімділігі туралы ойлауы керек», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі күні Жәйрем кентінің бюджетіне 5 салық түсімі және 2 салықтық емес түсімдер түсіп отыр. Түскен қаражатты Жәйрем кентінің әкімдігі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері, депутаттар бірлесіп, кентке қажетті жұмыстарға жоспарлайды.
Президент шикізат үшін шетке жалтақтамай елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыру керектігін және өндірістің барлық сатысын елде дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды. «Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуы тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» деп тапсырма берді.
Жолдаудың басым бағыты экономикаға бағытталғанымен, барлық экономикалық іс-шаралардың нәтижесі халықтың жағдайына тікелей әсер етуі тиіс. Жолдауда айтылған халықтың әлеуметтік тұрмысы, соның ішінде жұмыссыздық мәселесі көбірек шешім тапса дейміз, әсіресе, бұл аймақтар үшін маңызды.
Осы тарапта, өз өндірісімізді дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында, Президенттің Жолдауына сай өңірлерде жаңа жобалар мен бизнес ашу үшін гранттар мен субсидиялар берілуде.
Замзагүл ОСПАНОВА,
Қаражал қалалық
мәслихат төрағасы.