Болған ана кесенесі

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығына қарасты Алтын Орда дəуіріне тəн Болған ана кесенесі шамамен ХІV ғасырда салынған. Болған ана – Жошы ханның туған қызы, яғни, Шыңғыс ханның немересі деген дерек алға тартылып келген. Ол Қаңлы елінің ханы Сығанақ-тегіннің əйелі болған.

Ел аузында сақталған аңыз-əңгімелерге қарағанда, Болған ана – тоқсан жасқа жетіп көз жұмған əрі артынан көп ұрпақ қалдырған батыр ана. Жұбайы Сығанақ-тегін өмірден өткеннен кейін, оның орнында ел билеуші тұлға болып қалған.

Болған ана күмбезі – Жезқазған қаласынан оңтүстік бағытқа қарай 40-45 шақырым жерде, Сарысу өзенінің жағасында орналасқан.

Бұл маңда бірнеше кесене бар. Болған ананың жұбайы Талмас атаның (Сығанақ-тегін), Белең ананың кесенелері мен Жошы ханның мазары орналасқан. Болған ананың кесенесі Жошы хан мазарынан 100 шақырым қашықтықта тұр. Белгілі қаламгер Мақұлбек Рысдəулеттің жазуынша, тарихи жазбаларда күмбездің сырты ақ түсті болған деген мəліметтер бар. Қазір ақ түсінен айырылып, күйдірілген қызық кірпіш түсіне енген. Кесененің қасбетіндегі арқалы, порталды кірер есігінің айналасы қуыстана қаланып, қабырғаның өрнегі ретінде жасалған. Порталдың ширек бұрышты бағаналары мен басқа қабырғалары түгел ақ түсті. Күйген кірпіштерде 20 шақты ру таңбасы бар.

Қаракеңгір мен Сарыкеңгір тоғысар тұстағы Сарысу өзенінің жағалауына жақын жерде, Болған ана мазарынан 15 метрдей қашықтықта Шыңғыс ханның екінші əйелі Құлан мазары тұр.

Шыңғыс ханның Отырарға шабуыл жасап, қамалды алты ай бойы ала алмағаны тарихтан белгілі. Түркеннің інісі, Отырарды ерлікпен қорғаған Қайыр хан Шыңғыс ханның біраз əскерін жер жастандырады. Ашуға булыққан қаһарлы Шыңғыс қаған қамалды алған соң, Қайыр ханды зынданға тастап, көмейіне қорғасын құйып, азаптап өлтіреді. Ал, Түркеннің мойнына шынжыр салып, итаяқпен ас беріп, Қайыр ханға жоқтау айтқызғысы келген де седі. Сол кезде Болған ана қайын əпкесін атасы Шыңғыс ханның қорлығынан құтқарып, қашырып жіберген екен.

Болған ананың сіңлісі Белең ана жесір қалған кезде, əпкесінің жанына келіп паналаған көрінеді. Содан Белең ана да Болған ананың жұбайы Сығанақ-тегіннің екінші əйелі болады. Мəшһүр Жүсіптің жазбасында: «Аңыз бойынша «Түркістанда Талмас ата деген əулие кісі өмір сүріпті. Өзі керемет құсбегі екен. Оның бəйбішесі – Болған ана, тоқалының аты – Белең ана, кенже тоқалының аты – Ақбикеш екен дейді. Əулие Талмас ата өте ақылды болғандықтан, үш əйелін үш жерге қоныстандырған екен. Кенже тоқалы Қаратау бойында болса керек, сол жерден ертемен шығып, түсте Сарысудағы Белең ана ауылына түстеніп, кешке қонарға Ұлытаудағы Болған анаға келеді екен».

Бұл аңызды қазір Жетіқоңыр, Сарысу бойындағы бірен-саран ақсақалдар ғана біледі. Аңыздарда Болған ананы Алаша ханның келіні деп те айтады.

Күмбезді алғашқыда Шоқан Уəлиханов, 1946-1947 жылдар аралығында «Орталық Қазақстан» экспедициясы аясында археолог Əлкей Марғұлан, 1990 жылы Алматы архитектура жəне құрылыс институты ұйымдастырған экспедиция белгілі археолог Ескендір Бəйтеновтың жетекшілігімен зерттеген.

2018 жылы археолог Айбар Қасеналин кесенеге археологиялық зерттеу жұмысын жүргізді. Ондағы қазба жұмысы барысында алтын тостаған, жібек матадан тігілген шапан, ертоқым, қару-жарақ жəне тағы да басқа жəдігерлер табылды. Табылған жəдігерлер Алтын орда дəуірінен хабар береді. Археолог Айбар Қасеналиннің жорамалдауы бойынша «Болған ананың өз дəуірінде аристократия қоғамының өкілі болғанын көрсетеді». Оның айтуынша, археологиялық қазба жұмыстарынан бөлек зертханалық талдау жасалған.

Осыған дейінгі тарихи деректерде Болған ананы Шыңғыс ханның қызы немесе келіні делініп келгені белгілі. Бірақ соңғы жылдардағы генетикалық сараптаманың алдын ала нəтижесі бойынша Жошы ханның қызы деген болжам бар.

Болған анаға генетикалық зерттеу Жапония мен Ұлыбританияда жасалды. Бүгінгі күні Жошы хан кешеніндегі көрмеде Болған ананың сол кездегі бейнесінің жаңғыртпасы қойылды. Жаңғыртпа бірнеше антрополог жəне мүсіншінің көмегімен жасалған.

2014 жылы Болған ана мазарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Кесене республикалық маңызы бар тарих жəне мəдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Қымбат МАҒЗҰМОВА,

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының экскурсоводы.