Биыл сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін 8 жоба аяқталады

Су ресурстары және ирригация министрлігі биыл сумен қамту нысандарын салу және реконструкциялау бойынша 8 ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтауды жоспарлап отыр.

Бұл 208 мыңнан астам тұрғыны бар 146 елдімекенді ауызсумен қамту сапасын жақсартуға және 4 ауылды орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді.

8 жобаны аяқтау нәтижесінде 536 шақырым су құбыры салынады.

Атап айтқанда:

Ақмола облысында Красная поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарында топтық су құбыры салып жатыр.

Қызылорда облысында Байқожа топтық су құбыры реконструкциядан өтуде. Сондай-ақ, Арал ауданында Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Қосаман-Ақбасты желісін салу және Ақбасты елдімекенін орталықтандырылған су жүйесіне қосу жобасы іске асырылуда. Ал Жаңақорған ауданында Талап топтық су құбырының қуатын арттыру үшін қосымша ұңғымалар қазылуда.

Солтүстік Қазақстан облысында Булаев және Есіл топтық су құбырлары реконструкциядан өтуде.

Ұлытау облысында Сәтбаев қаласы мен  жақын маңдағы елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Есқұла топтық су құбырының құрылысы аяқталуға жақын.