Бірыңғай уақыт белдеуі: ғылыми-зерттеу жұмысын жеделдету ұсынылды

Ел аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуі жалпы қоғамда алуан түрлі пікірлердің туындауына негіз қалағаны баршаға жақсы мəлім. Бір тарап бұған қатысты шешім терең ойластырылмаған деген сыңайдағы уəжді алға тартса, екінші тарап Үкіметтің əлеуметтік-экономикалық талап тұрғысынан қарастырғанда оңтайлы шешім қабылдағанын дəлелдеуге талпыныс жасап келеді.

Мəселен қарапайым қауым, оның ішінде, əсіресе Қазақстанның шығыс аумағының тұрғындары жаңа уақыт белдеуінің қай тұрғыдан алып қарастырғанда да өте қолайсыз екенін көтерудей-ақ көтеріп келеді. Орталық Қазақстан аймағының халқы да осы ұстанымда екені белгілі. Олар тиісінше, бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруға мүдделі.
Ал бұған қарама-қайшы пікірдегі тараптың айтар уəждері де бір қарағанда орынды көрінеді. Мысалы «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК басқарма төрағасының орынбасары Салтанат Назарова «Қазақстанда кеңестік кезеңде уақыт белдеуі командалық-жоспарлы экономика мүддесі үшін табиғи сегіз рет өзгерді. Нəтижесінде, халық табиғи циклге сəйкес келмейтін уақыт белдеулерінде өмір сүрді. Адамның өмірлік процестері уақытқа байланысты сағат, күн, апта, ай, маусым немесе жылдар бойы өзгереді. Бұл өзгерістер биоритмдер деп аталады. Циркадиялық ырғақтар – біздің денсаулығымыз, өнімділігіміз бен ұзақ өмір сүруіміздің негізі. Көптеген шетелдік зерттеулер биоритмдер ағзадағы гормондардың, ферменттер мен басқа белсенді заттардың деңгейін басқарады, сонымен қатар, қан құрамы мен жалпы тепе-теңдікті сақтайды деп болжайды. Ұйқы мен сергектік, демалу мен белсенділікті, тамақтану мен зат алмасуды реттейтін биоритмдердің үйлесімді жұмысы адам денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады. Бірыңғай уақыт белдеуі биологиялық сағатты синхрондап, ресми уақыт пен күн уақытын мүмкіндігінше жақындата отырып, өмірдің табиғи ырғағына оралуға мүмкіндік берді» – дейді.
Айтып-айтпай не керек, осынау маңызды мəселеге ҚР Парламенті Мəжілісінің депутаттары да назар аударды. Осы тақырып талқыланған басқосуда Үкіметке бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2025 жылғы наурызға дейін аяқтау ұсынылды.
Бұл туралы Мəжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен партия фракциясының кеңейтілген жиынында мəлімдеді.
Аса белсенділік байқалған пікір алмасулар барысында Мəжіліс депутаттары Үкімет мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге қатысты азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарды жеткізді. Атап айтқанда, мəжілісмен Жанарбек Əшімжанов Алматы облысының, Жетісу облысының жəне өзге де өңірлердің тұрғындарынан депутаттар корпусының атына келіп түскен көптеген өтінішке назар аударды. Депутат Ерлан Саиров үйлесімді қоғам құру үшін Парламент пен Үкіметтің осы мəселе бойынша біртұтас ұстанымы болуға тиіс екенін мəлімдесе, депутат Юлия Кучинская «мұндай мəселе Үкімет қаулысы деңгейінде шешілмей, заң деңгейінде реттелуі керек» деген пікір білдірді.
Отырыста Нұртай Сабильянов, Еділ Жаңбыршин бастаған бірқатар депутаттар өздерінің нақты ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ,вице-премьер Серік Жұманғарин сөз алып, туындаған сұрақтарға жауап берді. Сауда жəне интеграция министрі Арман Шаққалиев, Ғылым жəне жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Əлназарова баяндама жасады.
Фракция отырысын қорытындылай келе Мəжіліс Спикері уақыт белдеуін өзгерту – қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі екенін атап өтті. Ол мұндай шешімдерді алдын-ала егжей-тегжейлі талдау жəне кеңінен талқылау арқылы қабылдау керек екенін жеткізді. Бұл қадам қоғамға тиімді түсіндіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, Үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің əсері туралы көпфакторлы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Аталған шешім бірқатар толғақты сауалдың жауабын беруге тиіс.
«Уақыттың өзгеруі, ең алдымен, азаматтарымыздың денсаулығы мен əл-ауқатына, тұрмысына қалай əсер ететініне қатысты нақты жауап алуымыз керек. Осы мəселеге баса мəн беру қажет. Сонымен қатар, Үкімет айтып отырған үш жыл – тым ұзақ мерзім деп есептеймін. Зерттеу жұмысын үш айда аяқтағандарыңыз жөн. Алдағы жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларымен жəне нақты шешу жолдары бар ұсыныстармен келесіздер деген үміттеміз», – деді Ерлан Қошанов Үкімет мүшелеріне қарата айтқан сөзінде.

БАҚ материалдары негізінде əзірлеген
Тəслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.