БІРЛІК МЕРЕКЕСІ

Мұсылман баласының барлық ғибадат құлшылығы мен іс-шарасы жамағатпен, бірлікпен атқарылады. Құрбан айт та соның бір айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның ынтымағын және ауызбіршілігін тағы да нығайта түседі.

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дегендей, ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмас. Біз – «әһли сүнна уал жамағат», яғни, пайғамбарымыздың, көпшіліктің жолын ұстанушы үмбетпіз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім жамағаттан бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деген.

Хазіреті Омар (р.а.) құтба оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің: «…Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Əлбетте, шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың ортасын қаласа, жамағаттан ажырамасын…» деген хадисін насихаттаған еткен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін бірлікке шақырып, тура жолға бастап, былай деген: «Шын мәнінде, менің үмбетім адасушылыққа жиналмайды (одақтаспайды). Егер қарама-қайшылық көрер болсаңдар (байқасаңдар), басым халықпен бірге болыңдар». Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Құрбан айт мүбәрак болсын!

Алла Тағала баршамызды Айттан Айтқа айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей!

Әумин!

Әнуарбек қажы ДӘУЛЕТКЕЛДІҰЛЫ,

 «Шубай ата» мешітінің бас имамы.