Бірлік – бақыт бастауы
Қазақстан халқының бірлігі күні – біздің көпұлтты халқымыз үшін бейбітшілік пен келісімнің символы ретінде тойланатын жалпыхалықтық мейрам. Әсіресе, ел Тәуелсіздігі жарияланғаннан бері бірлік күні атауын еншілеп қана қоймай, жаңаша сипатта тойлауды керемет дәстүрге айналдырдық. Аты айтып тұрғандай, тірлік те, татулық пен елдік те, тіпті, ерлік пен теңдік те осы бірліктен шығады. Бүгінде бұл мереке Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан адамдардың асқақ армандарын біріктірді.
Ұлт ұясы – Ұлытауда да мамыражай мамырдың шуақты мерекесін жергілікті халық сән-салтанатпен қарсы алды. Мәдениет үйінің өнерпаздары татулықтың әуенін шырқап, Орталық алаңды шаттыққа бөледі.
Іс-шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Советбек Медебаев қатысып, өңір жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.
– 1 мамыр мерекесі көпұлтты республикамыздың барлық тұрғындарының достығы мен татулығын паш ететін айтулы мейрам. Ауданымыздағы түрлі ұлт өкілдері өлкенің әлеуметтік – мәдени өміріне белсенді атсалысып, өз үлестерін қосып келеді. Біз тек осылайша бірлесе отырып, өңірімізді өркендету мақсатында қолға алынып жатқан істерімізді жүзеге асыра аламыз, – деді аудан басшысы.
Құттықтау сөзінен кейін Советбек Медебаев жиналған жұртшылықпен бірге мерекелік концертті тамашалады. Әуелі аудан орталығындағы айшықты сахнаға аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өнерпаздары шығып, қазақтың ұлттық дәстүрін, өнерін насихаттады. Ұлтымыздың дәстүрлі әндерін шырқады. Тақырыптық мазмұндағы бірнеше әндер орындалды. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұжымы өзбек халқының салтын, аудандық экономика және қаржы бөлімі, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің ұжымдары орыс ұлтының әнін орындап, биін биледі. Неміс халқының болмысын аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихат және «АМАNАТ» аудандық филиалы асқақтата көрсетті. Украин ұлтының дәстүрін аудандық білім бөлімі, №1 Ұлытау орта мектебі, «Өркен» бөбекжайы мен балалар Өнер мектебінің ұжымдары қызылды-жасылды киім үлгісімен көрерменді өзіне тартып, ұлттық дәстүрін әдемі сипаттады. Түркімен ұлтының мәдениетін аудандық Мұрағат мекемесі мен «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің ұжымдары әсерлі сахналады. Ұлттық тағамдардан дәм ауыз тигізді. Татар халқының өзіне тән ұлттық дәстүрлерін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, спорт бөлімінің қызметкерлері сахналап, мереке ажарын айшықтандыра түсті. Түрік ұлтының салт-дәстүрлерін аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және аудандық медицина бірлестігінің ұжымдары сомдап, достық пен бірліктің шынайы үлгісін танытты. Шешен халқының ұлттық сипаттағы небір алуан түрлі өнерін құрылыс және жер қатынастары ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімдерінің өнерге жақын бейімді жастары сахналап, тойдың көрігін қыздыра түсті.
Мерекелік бағдарлама аясында жылдағыдай спорттық ойындардан жарыстар өтті. Әсіресе, қол күрес жұрттың делебесін қоздырды. Өйткені, бұл сайысқа тек ұлытаулықтар ғана емес, өңірдің сыртқары аймақтарынан келген сом білекті сайыпқырандар қатысып, шаршы алаңда бақ таластырды. Сонысымен бұл сайыс қызықты болды. Сөйтіп, 1 мамыр күні өткізілген мерекелік шара халықтың бірлігі мен татулығын нығайта түсті. Ал, бірлік – ырыс бастауы болары даусыз!
Қайрат ЖҰМАБАЙ