«Бір адамға — бір SIM-карта». Қазақстанда ұялы нөмір санына шектеу енгізу ұсынылды

Мәжіліс отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек ведомствоның SIM-карталарды бір қолға сатуды шектеу туралы ұсынысын жеткізді. 

«Қазір алаяқтар әлеуметтік желілерде жұмыс істейді. Негізінен WhatsApp-ты қолданады. Сондықтан біз ұялы нөмірлер жоспарын мемлекетке қайтару үшін заңнамалық бастама көтереміз.
Біз нөмірлік жоспарды мемлекетке қайтарамыз және азаматтар электрон үкімет порталында немесе eGov mobile қосымшасы арқылы ұялы телефон немесе қалалық байланыс нөмірін алады.

Сонымен қатар бір адам алатын SIM-карталар санын шектейміз. Ал енді коммерциялық мақсатта SIM-карталарды бақылаусыз алатын заңды тұлғалар әр нөмірді пайдалану мақсатын негіздеуі керек болады. Алдағы уақытта осындай бастамалармен сіздерге келеміз», — деді ресми өкіл депутаттарға.