Білім биігіне – жаңашыл бағыт
Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Әсіресе, Президентіміздің білім беру жүйесіне қатысты айтқан сөздері мен берген тапсырмалары кезек күттірмейді. Біздің мақсат – ел Президентінің болашаққа қойған жоспарларына қолдау көрсетіп, өзімізге жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқару.
Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жанжақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан білім беру жүйесіне айтылған мәселелер төңірегінде ой түйіп, нәтижелі жұмыстар жүргізудеміз. Мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығына тоқталды.
Осы орайда, биыл ауданымыздағы бір мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Жалпы, үстіміздегі жылы алты мектеп, төрт бөбекжай ағымдағы жөндеуден өтті. №14 Алғабас мектебінің алаңын абаттандыруға 16 млн. 800 теңге бөлінді. Сондай-ақ, №9 Терісаққан мектебі ғимаратының шатырын жаңартуға 19 млн. 577 теңге жұмсалып, №4 Қаракеңгір мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 12 млн. 664 теңге жұмсалды. №18 Мибұлақ мектебіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау мақсатында 72 млн. теңге қарастырылып, жұмыстар толығымен аяқталды. Жезді мектеп-интернатының жатақханасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасау үшін 62 млн. 284 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, осы кенттегі «Айгөлек» бөбекжайына 25 млн. теңге қарастырылып, «Таңшолпан» бөбекжайына 4 млн. 900 теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды. Қарсақбай кентінде «Балдәурен» бөбекжайына 15 млн.теңгеге, Байқоңыр ауылындағы «Балбұлақ» бөбекжайына 7 млн. 796 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. №3 Аманкелді мектебінің күрделі жөндеу жұмысына 158 млн. 858 теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Қарсақбай кентінде орналасқан «Ж.Жабаев атындағы №15 тірек мектебінің спорт залына 6 млн.153 мың теңге қарастырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынды.
Бұдан бөлек, аудан бойынша 3 білім беру ұйымдарына модульді қазандық орнатылды. Атап айтсақ, аудан орталығындағы №1 Ұлытау мектебіне 10 млн. 997 мың теңге, №4 Қаракеңгір мектебіне 8 млн. 250 мың теңге, №18 Мибұлақ мектебіне 8 млн. 250 мың теңге бөлініп, қазандықтар ауыстырылды. Соңғы бір-екі жылдың көлемінде біраз мектептерде жылу қазандықтары жаңартылды.
Өзім де ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалынып отырған әрбір көмекке жігерлене түсем десем, артық айтқандық емес. Ең бастысы, еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш-жігерімізді сала отырып, аянбай еңбек ету міндетіміз. Ел Президенті ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген даналық сөзі бізді білім әлеміне қарай жетелей түсетін сияқты. Себебі, білім – баға жетпес үлкен рухани күш, сонымен қатар, аса зор өндіргіш құрал. Қазіргі таңда бүкіл әлемдік жаңа идеология ең әуелі білімнің теңдессіз күшіне арқа сүйейді. Бүгінгі Қазақстанда әлемдік стандарттарға сай білім берудің алдыңғы қатарына шығу мақсатында барлық жағдай жасалуда. Алдағы міндет мектептің заманауи үлгісін қалыптастыру, білім берудің мазмұнын жаңарту, өскелең ұрпақпен тілдесе отырып, оларды әдепті болуға, жасы үлкенді сыйлауға, отанды сүюге үйрету. Сонымен қатар, білім сапасын арттырып, біліктілікті күшейту, ел Тәуелсіздігін орнықтыруға ұрпақтың үлесін қосу. Өйткені, білім ХХІ ғасырдың адами капиталының басты құндылығына айналып отыр.
Ендігі жерде әрқайсымыз Мемлекет басшысы жүктеген жауапкершіліктерді сезініп, барлық бастамаларды лайықты жүзеге асыруға міндеттіміз.
Бағдат ӘБДІРАЙЫМОВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы.