Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапарымен Жезді кентіне барды
Облыс әкімінің жұмыс сапары кентті аралаудан басталды. Жездідегі бірқатар мәселені көзімен көру үшін Ұлытау облысының прокуроры Ж.Бақашбаев та аралау, өңір халқымен жүздесу жұмыстарына арнайы қатысты.
Өңір басшысы алдымен төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аумағын анықтайтын жылжымалы экологиялық зертхананың жұмысымен танысты.
Зертхана объектілеріне атмосфералық ауаның, ауыз судың, жер үсті, жер асты суларының, топырақтың, флораның, фаунаның, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жай-күйі, радиациялық жағдай, әлеуметтік-экономикалық ахуал жатады. Оның ішінде Жезқазған қаласы, Сәтбаев қаласы және Ұлытау ауданы аумағындағы адамдардың денсаулығы да бар.
Аралау жұмыстары барысында өңір басшысы Жезді кентіндегі Көкбұлақ көшесінен бастап, облыстық тас жол көпірінің соңына дейін Жезді өзенінің 2 шақырым жерін қалыпқа келтіріп, санациялау жұмыстары жүргізіліп жатқан орынға да арнайы барды. Өзеннің экологиялық, санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс кестеге сай, қарқынды жүруде. Жоба биыл аяқталады деп көзделіп отыр.
Берік Әбдіғалиұлы кентте құрылысы 2020 жылдан бері тұралап қалған денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Нысан құрылысы биыл қайта қолға алынуда.
Облыс әкімі кентте күрделі жөндеуден өтіп жатқан ауруханаға арнайы бас сұқты. Нысандағы бірінші қабаттың жұмыстары толық аяқталып, екінші қабатында жұмыстар жүргізілуде. Аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары тамыз айына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Аралау жұмыстары аяқталған соң Берік Әбдіғалиұлы Жезді кентінің тұрғындарымен кездесті. Жиынға келген тұрғындар жұмыссыздық, жол жөндеу, жол апаты жиі орын алатын автожолдың, ауыз су, жарық мәселелерін ортаға салды. Одан бөлек жезділіктер кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты сауалдарын қойды. Өңір басшысы көтерілген мәселелер брйынша тиісті басқармаларға тапсырмалар берді.
Кездесуден кейін Ұлытау облысының әкімі, басқарма басшылары азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.