Берік Әбдіғалиұлы «Ұлытау облысының рухани дамуы» республикалық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты
Кеше Жезқазғанда «Ұлытау облысының рухани дамуы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.
Конференцияның мақсаты — өңірде және тұтастай қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылық үшін рухани келісім идеяларын ілгерілету, азаматтарды ортақ адамгершілік құндылықтар төңірегінде топтастыру.
Жиында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Астана хабының Мемлекеттік қызмет саласындағы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, ҚР АҚДМ дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, ақын Ғалым Жайлыбай, шығыстанушы Төреәлі Қыдыр, Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайдың директоры Кенжал Балкенов өңір жұртшылығы алдында баяндама жасады.
Конференцияны ашқан Берік Әбдіғалиұлы Ұлытаудың қазақ халқы үшін ерекше тарихи, мәдени және рухани маңызын атап өтті. Сонымен қатар, аймақтың айтарлықтай әлеуеті, әсіресе мәдени және туристік, әлі толық игерілмегенін атап өтті. Осы бағыттағы бірқатар шара өңірге жаңа прогрессивті имидж беруге мүмкіндік береді. Бұған Ұлттық құрылтай сияқты іс-шараларды, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық өкілдері мен практик-мамандардың қатысуымен түрлі форумдар мен конференциялар өткізу де ықпал етеді. Атап айтқанда, осы кездесу барысында көрнекті қоғам қайраткерлері жайлы қоғам құру үшін қажетті алғышарттар туралы пікір алмасты.
Өз кезегінде Бас мүфти 2023 жылды «Ислам және берекелі қоғам жылы» деп жариялау туралы айтты.
«Біздің басты міндетіміз – адамдарды жақсылыққа шақыру, жастардың теріс әрекеттерге баруына жол бермеу… Сондықтан Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 2023 жылды діни қызмет аясындағы Ислам және берекелі қоғам жылы деп жариялады. Осы жыл ішінде біз қоғамның игілігі үшін бірқатар іс-шара өткізуге міндеттіміз. Бүгінгі кездесуді жақсы бастама деп санаймын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.