Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысы сот жүйесінің қызметкерлерін марапаттады
24 маусым – Судья және сот жүйесі қызметкерлерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған жиынға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы арнайы қатысып, сот қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтады.
«Еліміздегі кәсіби мерекелер тізбесіне қосылған бұл мерекенің сот саласы үшін мәні зор, маңызы бөлек. Судья – әділдіктің айнасы, ел Конституциясы заңдарының таразысы. Бұрынғы билер сотының жалғасы ретінде қазақтың дәстүрлі тармағын өздеріңіз жүргізіп келесіздер. Әділдікті іздеген халқымыз бірінші кезекте сот билігіне жүгінеді. Заңның мүлтіксіз орындалуын қадағалап, әділдік принциптерін сақтайтын сіздердің қабылдаған әділ шешімдеріңіз бүкіл қоғамның көңіл-күйі мен даму деңгейіне ықпал етері сөзсіз. Шынайы көзқарас пен адалдықты талап ететін жүгі ауыр қызметтеріңізге жеміс тілейміз», – деді өз сөзінде өңір басшысы.
Осы орайда, облыс әкімі ұзақ жыл бойы жемісті, әрі мінсіз қызметі және өңірдің сот жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін бірқатар судья мен сот қызметкерін арнайы марапаттады.
Салтанатты жиын сот саласының майталман мамандарына ҚР Жоғарғы Сотының III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалін және ҚР Судьялар одағының атынан «Судьялар одағының құрметті мүшесі», «Жеті жарғы», «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» марапаттарын, ҚР Сот әкімшілігі басшысының, Ұлытау облыстық Соты Төрағасының Құрмет Грамоталарын тапсыру рәсімімен жалғасты.