Берік Әбдіғалиұлы өңірде туризмді дамытуға бағытталған шараларды сынға алды

Ұлытау облысы әкімінің төрағалығымен өткен аппарат кеңесіне облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудандардың әкімдері, басқарма басшылары қатысты. Жиында Берік Әбдіғалиұлы туризмді дамытуға қатысты облыста атқарылып жатқан шаралардың, оның ішінде туристерді шақыру, оларға жағдай қарастыру жұмыстарының мардымсыз жүріп жатқанына қатысты сын-ескертпе білдірді.

Бүгінгі күні Ұлытау облысына келген туристерді орналастыру қызметтерін 27 объекті көрсетуде. Оларда біржолғы сыйымдылығы 556 төсек-орынды құрайтын 307 нөмір бар.

 

Өткен жылы орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілердің саны — 25,6 мың адам, ал оның ішінде шетелдік туристер саны 649 адам, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде 14 мың адам болса, «Сапар орталығына» 4 мың адам келген.

Сондай-ақ аппараттық кеңесінде өңірдегі туризмді дамытуға бағытталған бюджет былтырға қарағанда 12 есеге көбейгені айтылды. Осы орайда Берік Әбдіғалиұлы Жошы ханға апаратын жол құрылысының қарқынын да назардан тыс қалдырмады. Қазіргі уақытта аталған орында материалдардың қымбаттауына байланысты жобалық сметалық құжаттаманың құнын түзету (корректировка) жұмыстары жүргізілуде.

Кеңесте баяндама жасаған Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ғазиз Төлеуов өздігінен саяхаттаушы туристерге ақпараттық-бағыттауыштар жоқтығы өз кедергісін тигізіп жатқанын жеткізді, осыған орай облыс басшысынан Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының әкімдеріне қала, аудан көшелеріне келген туристердің жайлы сапарлары үшін ақпараттық бағыттауыштар орнатуды тапсыруын сұрады.

Жиын соңында Берік Әбдіғалиұлы сырттан келген туристерді әуежайдан, вокзалдан күтіп алып, қажетті жағдайды ұсынатын туристік пакеттердің жоқтығы – туризмді дамытуға кедергісін келтіретінін жеткізді, сонымен қатар, халықты ақпараттандыратын жарнамалардың жасалмай жатқанын сынға алып, аталған мәселелерді қолға алуды тапсырды.