БЕКТЕНОВ БЕКЕР КЕЛГЕН ЖОҚ немесе Ұлытау облысының келешегі – кемел

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Ұлытау облысы туралы әртүрлі қауесет тарап, қарапайым халық жаңа облыстың ертеңіне күмәнданып қалғанын несіне жасырайық?!
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Ұлытау облысына жасаған осы жолғы сапарын да сан-саққа жүгіртіп, «Осы жолы облыстың тағдыры шешіледі, не бүк, не шік боламыз» деп даурыққан да өзіміз. Алайда, мүлде олай болмады.

Керісінше, Премьер-Министрдің бұл жолғы сапары ұлытаулықтардың көңіліне үміт ұялатып, сеніміне серпін берді.
Жезді өлкенің жарқын болашағына негіз болар ауқымды жобалар назарға алынып, өңірді сапалы ауыз су, тұрақты жылумен қамтамасыз ету мәселелері сараланды.
Жезқазған ЖЭО-да болып, ондағы жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан Үкімет басшысы Олжас Абайұлы: «Сенімді жылу және электрмен жабдықтау, сапалы ауыз су – Президенттің тіршілікті қамтамасыз ету және өңірлерді орнықты дамыту мәселелерін шешуде қойған негізгі міндеттері. Барлық инфрақұрылымдық жобалар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс. Бұл үшін жауапкершілік әр кезеңде тиісті қадағалауды қамтамасыз етуге міндетті әкімдіктерге де, салалық мемлекеттік органдарға да жүктеледі», — деп атап өтті.

Жұмыс сапарының қорытындысында Премьер-Министр облыс басшылығы мен салалық мемлекеттік органдар басшыларына барлық инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы аяқтау, сондай-ақ реконструкциялаудың жаңа кезеңдерін қаржыландыру мәселесін пысықтау жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Үкімет басшысы сапар барысында Жезқазған мыс қорыту зауытында да болып, өндіріс жағдайымен танысты.

Тоқетерін айтқанда, Премьердің Ұлытауға жасаған сапары салмақты һәм мақсатты сапар болды. Жүзеге асып жатқан жобалар мен коммуналдық саладағы жаңғырту жұмыстары мерзімінде, сапалы атқарылуы Мемлекет басшысының тікелей назарында екендігін сезіндік. Ресми биліктің бақылауы мен назарындағы өңірде болашақ жоқ деп енді айта алмайтын шығармыз…

Бектенов бекер келген жоқ. Мысты өлкенің кемел келешегіне кепіл болар жобалар мен баянды бастамаларды терең пысықтап кетті. Яғни, Ұлытау облысының ертеңі еңселі, болашағы нұрлы!
Біз Ұлытаудың болашағына бек сенімдіміз!

Нұргүл ШАМАЕВА,
ulytaunews.kz сайтының әкімшісі.