БАЗАРДАН БАСТАЛҒАН КӘСІП отбасылық бизнеске ұласты

Қоғамның даму барысын өмірде – нəзік, көңілде – биік, ал істе – мығым əйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені олар қоғамның кез келген саласында тындырымды істер атқарып, биік межелерден көрініп келеді. Тіпті кəсіпкерлік саласында ерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүрген нəзік жандылар аз емес. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Сара ҚҰСАЙЫНОВА.

Сара Қаппасқызы негізінен кеңседе қызмет еткен жан. Алайда, кешегі тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңі оны сегіз қырлы, бір сырлы жан етіп шығарды. Бүгінде оған кейіпкеріміздің өзі таң қалады.

– Жолдасым Нұрлан кезінде «Ұлытау» совхозында жүргізуші болып еңбек етті. Үйдің барлық керек-жарағы сол кісінің мойнында болды. Мен жолдасымның əкелгендерін ұқсатып қана отырдым. Барлық жүк ер-азаматтың арқасында болған соң уайым жоқ, қайғы жоқ жүрдік қой. Заман бұлай өзгереді деп кім ойлаған?

Кейін үкімет құлап, совхоздар тарап, ел дағдарысқа түсті емес пе? Біздің əулет «Қыпшақбай» деген жерді алып, шаруа қожалығын құрды. Жолдасым соның басы-қасында жүрді. Мен де қарап отырмадым. Көтерме сауда орындарынан макарон өнімдерін, қант-шай, май əкеліп, оны базарда саттым. Бұрын-соңды сауда-саттықпен айналыспаған адамға қиын екен. Бірақ, өмір бəрін үйретті. Енді сыртқа шығып, тауар əкеліп сатуды ойға алдым. Алматыға барып киім-кешек əкелдім. Оны сатып, қор жинала бастады. Сөйтіп шағын дүкен аштық қой, – дейді Сара саудаға келген сол бір жылдарды еске алып.

Табыстың көзі кəсіпкерлікте, оның ішінде сауда-саттықта екенін түсінген ел осы салаға көптеп ден қоя бастады. Орталықта дүкендер ашылды. Бұл өз кезегінде бəсекелестікті қалыптастырды. Осы тұста Сара мен Нұрлан ақылдаса келіп халыққа қызмет көрсетудің өзге саласына қадам жасауды ұйғарды.

– Шаруаң алға бассын десең елге аса қажет кəсіппен айналыс. Бұл – қазіргі өмірдің бұлжымас заңы. Оны да ұғынып алдық қой. Сөйтіп отағасы екеуіміз моншаны жалға алуға бел будық. Бұл кезде Ұлытауда монша қызметі тұралап тұрған 2007 жыл еді, – деп еске алады Сара Қаппасқызы.

Моншаны жалға алғанда оның тек «Монша» деген аты ғана еді. Ғимараты құлазып, құрылғылары тозып тұрған. Шаруа сол кешенді қалыпқа келтіруден басталды. Пеші жөнделді, құбырлары жаңартылды, ғимарат жаңғыртылды. Осылай ел ауызекі «Орталық монша» атап кеткен қызмет көрсету орны қайта іске қосылды. Содан 2021 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істеді. Осы істердің басы қасында кəсіпкер келіншек – Сара Құсайынова жүрді. Қажет болған жағдайда от та жақты, ішін жуып-шаюды да атқарды. Ауылдастарының шашын да басып беріп, шаштараз қызметін де көрсетті. Орталық моншаның елге қызметі қаладағыдан бір де кем болған жоқ.

– Əрине, өзіміз қалыптастырған істі бұлай тоқтату бізге оңайға тиген жоқ. Балалардың бəрі ержетіп, өз шаруаларымен кетті. Нұрекең екеуміз бұрынғыдай жас емеспіз. Оның үстіне, «Қыпшақбайдағы» шаруа қожалығы бар. Отағасым соның маңында. Сиыр, жылқы малы да күтімді қажет етеді ғой. Амал жоқ моншаны саттық, – дейді Сара қимастықпен.

Кəсіпкер келіншек қазір де құр қарап отырған жоқ. Ауылдастарының тапсырысы бойынша бауырсақ, манты, тұшпара пісіріп сатады. Осылайша, кеше базарда бастаған кəсіп бүгінде отбасылық бизнестің түрлеріне ұласып, өздері табыс тауып, елге қызмет көрсетуде. «Қазір кəсіп қыламын, еңбек етемін деген азаматқа барлық мүмкіндік қарастырылған. Үкіметке қол жайып отыратын заман емес. Құдай қуат беріп тұрғанда еңбектену керек», – дейді Сара Қаппасқызы. Сараның пысықтығына ауылдастары да таңдай қағып, үлкен ризашылықпен қарайды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ