Баспасөз — өмірімнің бір бөлшегі

Өмір дегеніміз де мектеп деп айтамыз. Расында «Ұлытау өңірі» газеті редакциясы мен үшін үлкен мектеп. Әуелі корректор, кейін жауапты хатшы болып, осы салада қырық жыл еңбек еттім.

Негізі мамандығым бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, №1 Ұлытау орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезім еді. Бірде көшеде Батырбек Мырзабеков кездесіп қалды да амандық-саулықтан кейін:

– Гүлдариға, біздің газетке корректор болып келсең қайтеді? – деген ұсыныс айтты. Сол кезде Б.Мырзабеков аудандық газетте жауапты хатшы болатын. Бастапқыда корректор дегенді түсінген жоқпын. Түсінбеген соң Батырбекке ағаға қарсы сұрақ қойдым.

– Оның міндеті қандай? Бірінші соны түсіндірмейсіз бе? – дедім. Батырбек аға маған қарап күлді де корректордың міндетін түсіндіре жөнелді. Сондағы бар ұққаным «егер бір тыныс белгісінен қате жіберсем, басым кетеді екен» деп түсіндім. Содан кейін қорқып кеттім де:

– Жоқ, басым кететін жерде нем бар, одан да балаларды оқытып жүре бермеймін бе? – деп ат-тонымды ала қаштым. Бірақ, Батырбек аға бұл айтқаныма келісе қоймады. «Біз газетке сауатты маман таптық, ал оның бізге келгісі жоқ, деп райкомға хабарласақ, бәрібір келесің ғой. Одан да көп сөзді қойып, іске кіріс» дегені әлі есімде. Содан кейін үйіме келіп көп ойландым. Ақыры ойлана келе, бұлдана бергенім болмас деген шешімге келіп, 1975 жылдың мамыр айында «Ұлытау өңірі» газетіне корректор болып жұмысқа орналастым.

Шынында да корректорлық жұмыс бас кетіретіндей екен. Газетте бір қате кетіп қалар болса кінәні табу үшін бірден «корректор қайда қараған» деген әңгіме қозғалады. Осыдан-ақ корректорға қатаң талап қоятынын аңғаруға болады. Сондықтан газеттің әрбір шығарылымын дайындау барысында барынша мұқият болуға тырысасың. Корректорлық жұмысты атқара жүріп, қолым босаған кезде жауапты хатшыға да көмектесетінмін. Кейде жауапты хатшы болмай қалған кезде өзге ешкімге салмақ салмай, оның міндетін атқарып жүруші едім. Осы қабілетімді редактор байқаса керек. Бірде мені кабинетіне шақырып алып: – Біздің жауапты хатшы облыстық газетке кеткелі жатыр. Оның орнына сен боласың дегенде аң-таң болғаным рас.

– Аға-ау, менің арнаулы білімім жоқ қой дегенше, редактор сөзімді түсіне қойғандай:

– Білім деген не? Ең бастысы, газет қалай макеттелу керек, қай материалды қай жерге орналастырған дұрыс? Соны білесің ғой? Сондықтан осы жұмысты өзің атқарасың, – деді.

Амал бар ма, көнбеске лажым жоқ. Редактор айтқаннан кейін «Ұлытау өңірі» газетінің жауапты хатшысы болып тағайындалдым. Сөйтіп, жиырма сегіз жыл табан аудармастан жауапты хатшы болып зейнет жасына жеткенше қызмет еттім. Сол кезде Көбейсін Еңсебаев, Төлеухан Оразбеков, Мағзұмбек Машайықов, Елтынды Дүйсенбаев сияқты редакторлармен қызметтес болдым. Бір мақтанарлығым, осы редакторлардың ешқайсысы менің жұмысыма мін таққан емес. Бұл да өз ісіме тиянақты қарағанымның арқасы шығар.

Қазір қарап отырсам, редакцияда өткен күндерім мен үшін бір естелік. Биыл газеттің жарық көргеніне 80 жыл толып отыр. Бұл да өткенге көз жүгіртсек аз уақыт емес. Қаншама ұрпақ өзіне рухани азық тапты. Қаншама журналист қаламын ұштады. Бүгінде қасиетті жер рухын тұтастырып «Ұлытау» деген атпен жарық көріп жатқан газеттің бүгінгі журналистеріне тек шығармашылық жеңістер тілеймін!

Гүлдариға СЫЗДЫҚОВА.