Бас мүфти Қадір түні қарсаңында мәлімдеме жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір түніне орай үндеу жариялады.
Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі. Бұған тұтастай осы қасиетті түнге қатысты баяндалған «Қадір» сүресі дәлел болады.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Бұл түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасауды ұмытпайық.