«Балама берер еншім – адал еңбегім» дейді 90 жастан асқан кейуана
Кейбір жандардың ғұмыры – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Сондай асыл жандардың бірі – тағдырдың талай сынынан сүрінбей өткен, еңбек пен аналықтың биік үлгісін көрсеткен ардақты ана Орынбасар Мизамбаева.

1935 жылы дүниеге келген Орынбасар әженің балалық шағы соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. 1943 жылы ағасы майданға аттанғанда, әкесінің қарамағында бидай егіп, егін жинап, еңбекке ерте араласты. Балғын шақтың өзін маңдай термен шыңдап, жауапкершілікті ерте сезінді. 1944 жылы Жезді өңіріне қоныс аударып, жаңа ортаға бейімделді.
1951 жылы қарапайым тігінші шәкірті болып еңбек жолын бастады. «Артельде» шыңдалып, шеберлікке ден қойды. Қасқыр ішік, бөрік, кимешек, көрпеше секілді ұлттық бұйымдарды тігіп, қолөнердің қадірін арттырды. «Балама берер еншім – адал еңбегім» деген ұстанымды берік ұстанып, өмірін мағыналы еңбекпен өрді. Зейінінің зеректігі мен іске деген жауапкершілігінің арқасында шәкірттен бөлім басшылығына дейін көтерілді.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері», «Алтын алқа» сияқты марапаттарға ие болды. Бұл – тек атақ емес, бейнеттің өтеуі, адал ғұмырдың айғағы.
1954 жылы Омарғали деген азаматпен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басты. Жолдасы геология саласында еңбек етіп, ел игілігі үшін қызмет атқарды. Ана он перзент дүниеге әкеліп, жетеуін мәпелеп өсірді. Бүгінде 16 немере, 28 шөбере сүйіп отырған ардақты әже – үлкен әулеттің алтын діңгегі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қағиданы берік ұстанып, ұрпағына адалдық пен еңбексүйгіштікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілікті аманат етті. Оның тәрбиесімен өскен ұрпақ – бүгінде әр салада елге қызмет етіп жүрген азаматтар. Ардақты ана қазақы салт-дәстүрді қастерлеп, ұлттық құндылықтарды берік ұстанды. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың батасын алғаны – өміріндегі айрықша сәттердің бірі. Сол батаның киесін сезініп, елге адал болуды парыз санады.
Бүгінде жасы ұлғайса да, ақ жаулығы жарасқан ананың қадірі биіктей түскен. Оның әрбір әжімі – өткен күннің ізі, әрбір ақ шашы – адал еңбектің айғағы. Өмір жолы – өнеге. Осындай аналардың ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа тағылым, қоғамға тәрбие. Асыл ананың өнегелі өмірі – мәңгілік рухани қазына.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

