Балалар алаңы ашылды

Ұлт ұясы – Ұлытауда балалар мерекесі аясында балғындар үшін қуанышты жаңалық болды. Тау бөктеріндегі «Тасбұлақ» аумағында балалар ойын алаңы ашылып, қолданысқа берілді. Заманауи үлгіде жабдықталған алаңқайды «КазКаиСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салды.

Алаңның ашылу рәсімінде сөз алған Қиятай ақсақал балаларға аса қажетті нысанның пайдалануға берілуімен құттықтап, жергілікті атқарушы билікке алғысын білдірді. Содан кейін еңбек ардагерлері Ғазиз Әбітов пен Қиятай Сәрсенов жаңа нысанның лентасын қиды.
Әдемі көзтартарлықтай ойын алаңының ашылуы балаларға ұнады. Ұйымдастырушы тарап та ашылу рәсімін көңілге қонымды етіп ұйымдастырыпты. Мердігер ұйым атынан бүлдіршіндерге балмұздақтар таратылды. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» демекші, бұл тарту-таралғыларға балалар қатты қуанды. Енді бүлдіршіндер бір уақыт табиғат аясында әткеншек теуіп, асыр сап ойнап, бой жаза алады. Мұның барлығы балалар үшін жасалып жатқан игілікті іс. Бұл да аудан әкімдігінің балаларға болсын деген ниеттері. Шаттанса, балалар шаттансын деген осы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.