Бала психологиясы – ұлы ғылым
Әлемдегі ең ұлы ғылым қандай десе, «Бала психологиясын зерттеу» деп қаймықпай айтар едік. Неге десеңіз, бала тәрбиесі – ата-ана үшін ғана емес, тұтас ұлт һәм мұқым ғалам үшін ең жауапты іс. Баланың сәби кезден алған «жарақаттары» болашақ өміріне үлкен өзгерістер әкеліп, тіпті, теріс әрекеттер жасауына ықпал етуі мүмкін. Ал оның соңы жақсы болмасы анық… Неге көп жағдайда ата-анасының ішімдікке салынғаның көріп өскен бала өмірде үлкен жетістіктерге жетеді? Немесе әкесіз өскен қыз бала бойжеткен шағында жігіттердің алдауына неліктен жиі түсіп қалады? Сіңірі шыққан кедейшілікті көріп өскен бала есейген шағында байыса да, «шық бермес Шығайбайға» һәм «ішіне шынтақ айналмайтын» жанға айналады.Неге? Осы секілді сұрақтар төңірегінде ғұмырыңызда бір рет болсын, ойланып көрсеңіз, төмендегі тың ақпарат сізге арналған, қадірменді ата-ана!
– Шетел ғалымдарының зерттеуінше, балаға отбасындағы қиындық пен дертті айтып, психологиялық хал-ахуалына байқамай әсер етіп алсақ, бала өскенде тәкаппар, ашушаң болуы, тіпті, қылмыскер жанға айналуы мүмкін.
– Балаға жастайынан «Сен ешқашан адам болмайсың», «Көз жасыңды көрсетпе» деген секілді сөздерді жиі айтып, жанын жаралай беретін болсақ, болашақта өзіне сенімсіз, өмірде еш жетістікке жетпейтін, отбасы шеңберінен әрі аса алмайтын, жыласа да, қысылып жылап, өз ойын анық білдіре алмайтын адамға айналады екен.
– Ересектер секілді бала да дағдарысқа жиі түсіп тұрады. Әсіресе, ата-анасы, туған-туысы асқан қатаңдықпен қарайтын болса, келешекте ол да өз жақындарына мейірімсіз болып өседі.
– Балаға шамасы келмейтін жұмысты жүктесек, шынығудың орнына қиындыққа қарсы тұра алмай қалуы әбден мүмкін.
– Баланың жасық немесе қылмыскер болмасын десеңіз, ешқашан басы мен бетінен ұрмауыңыз.
– Баланы әлденеге кінәлау, мазақтау, жағымсыз лақап ат қою, қорқыту, «бар», «кел» деп бұйрық беру – қателіктің үлкені. Ондай жағдайда бала әдепсіз, ашушаң, тіпті, келешекте өзін де, өзгені де бағалай алмайтын жан болып қалыптасуы ықтимал.
– Ата-ана қателескен жағдайда үлкендігін көрсетіп, кешірім сұрап, мойындап, ізеттілік көрсетсе, бала да осы іс-әрекетті қайталайтыны анық.
– Баланың жеке өмірі басталып жатса, қазбалауға асықпаңыз. Аздап еркіндік беріңіз. Хат жазысып, телефонмен тілдесіп көрсін. Одан кейінгі жағдайда баладан ақырын ғана сыр тартып, бақылауда ұстағаныңыз жөн.
– Бала қызғаншақ болып қалыптаспауы үшін кішкене кезінен ата-анасы оның жағымды қадамдарын мақтап-мадақтап отыруы керек.
– Қаржыдан қысылып жүрсеңіз де, балаға білдірмеуге тырысыңыз. Тек көк қағаздың құны қаншалықты маңызды екенін сөзбен түсіндіргеніңіз абзал. Әйтпесе, балаңыз болашақта сараң адамның нақ өзі болуы әбден мүмкін.
БАҚ материалдары негізінде әзірлеген Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН.