Байқоңырда той өтті думанға бөлеп даланы
Ұлытаудан шыққан «Нива» Жездіні бетке алып жүйткіп келеді. Көлікте жүргізушімен бес адамбыз. Аудан имамы Жанболат Рақымбердиев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, аудан әкімдігінен Ғабиден Дүкенбаев және мен. Бағытымыз – Байқоңыр ауылы. Бүгін сол ауылда жаңа мешіт ашылмақ. Оқиғаға орай, ауыл жұртшылығы өз күшімен той өткізбекші. Мақсатымыз – соған қатысып, қызықтау. Әрине, дүбірлі думанды елге жария ету өз алдына…
Күн бұлтты болып тұр. «Жауын-шашын болады-ау» деп ойлағанымша, үнсіздікті имам бұзды. «Бүгін Жаратушы күнін беріп тұр. Аптап ыстық болса, елдің берекесі кетер еді. Бәйгеге шабатын аттарға да обал» деді Жанболат. «Алла Тағала ұлық қой» деді сосын бетін сипап…
Әр нәрсенің басын бір шалып келе жатып Жездіге жеткенімізді де байқамай қалдық. Кент келбеті түзеліп келеді. Жол жаңғыртылған. Ауыл азаматтары жарап тұр, көпір жақтауы сырланып, аяқжол жөнделген…
– Биыл Жезді маргенец кенішінен алғашқы кен алынғанына – 80 жыл. Ұлы Отан соғысы кезінде небары 38 күнде іске қосылған, –деді әңгімені сабақтаған Азамат. – Ал, жауға атылған он оқтың тоғызы Қарсақбайдан шыққан. Біздің өңір Жеңісті жақындатуға қомақты үлес қосқан. Қыркүйек айында Жезді жұртшылығы кеніштің 80 жылдығын арқа-жарқа атап өтпекші.
– Алла нәсіп етіп, ауданның қуанышы қуанышқа ұласуда. Ұзағынан нәсіп болғай, – деді Жанболат имам.
Иә, бұл сөздің жаны бар. Биыл Ұлытау өңірінде небір думан өтті. Сарысу мен Шеңбердегі, аудан орталығындағы дүбірлі додалардың қызығын ел әлі айтып тауыса алмауда. Енді, міне, Байқоңырдағы үлкен тойға келе жатырмыз.
Межелі жерге де жеттік. Тойға келгендердің қарасы қалың. Көлігімізді шеткері қойып, ел мол шоғырланған мешітке қарай аяңдадық. Жаңа нысан сонадайдан көзге түседі екен. Орнын да тұрыс таңдапты. Ауылға келгендердің бірінші бас сұғар орны осы болсын деген сыңайлы. Қызыл қышпен өрілген күмбезі жарқырап, «Байқоңыр мешіті» деген жазу көзкөрім жерден шақырып тұр.
Жергілікті қауым әр тараптан келген қонақтарды ерекше ілтипатпен қарсы алуда. Қонақтар ұйымдастырушыларға тойға әкелген тарту-таралғыларын табыстап жатты. Ел осылай арқа-жарқа болып жатқанда Ұлытау облысы мәслихатының хатшысы Бауыржан Шыңғысов, Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев, «Кетбұқа» қоғамдық қорының президенті Төлеген Бүкіров те жетті. Іле мешіттің ашылу рәсімі басталды.
Салтанат шымылдығы жергілікті өлкетанушы, ақын Мұханбетәли Стамқұловтың сөзіне жазылған Саламат Момбековтың орындауындағы арнаумен ашылды. Облыс, аудан басшылары мешіттің ашылуымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өз кезегінде ҚМДБ облыстағы өкіл-имамы Елдос қажы Қуандықұлы жұртты ақжарыла құттықтады. Мешітте намаз оқудың пайдасы жайында уағыз айтты. Құран оқылып, ата-баба рухына дұға бағышталды.
Лента қию рәсімін Бауыржан Шыңғысов, Төлеген Бүкіров, Елдос қажы Қуандықұлы және ауыл ақсақалы Қайсар қажы Ақбергенов жүзеге асырды.
Мешіттің іргетасы 2018 жылы қаланған болатын. Құрылысы ауыл тұрғындарының күшімен жүргізілген имандылық ордасы 4 бөлмеден тұрады. Намазхана ерлер мен әйелдерге бөлек салынған. Дербес жылу қазандығы, дәрет алатын орындары бар. Ауызсу келіп тұр. Енді дәмхана мен мәйітхана салу – жоспарда.
Ауыл әкімі Шәріп Дастанұлы қалың елге тілегін айтып, құрылысқа сүбелі үлес қосқан ауылдастары Қабылда Әбдібеков, Сәрсенбек Төлегенов, Манат Марткамалов және Ғаббас Боқаевқа естелік сыйлықтар мен Алғыс хат табыстады. Сауапты істің бел ортасында болған Өміржан Шайхиннің кеудесіне «Ауыл жанашыры» төсбелгісін тақты. «Ең кішкентай жанашыр» Алғыс хатының иегері Бөлтірік Нұрдәулет болды.
Ауыл азаматтары ерледі. Тойға жұмсалған 12 млн. теңгені халық өз қалтасынан жинады. Шаруа қожалықтары иелері де қомақты қаражат қосыпты. Мәселен, Берік Әділхан 1 миллион теңге бөлсе, Сәбит Әділханов, Дүйсен Құнболатов, Жұман Жалбыров пен Асхат Қамысбаев сырттан дүмеп келетін меймандарға қонақасы беру үшін сойылатын бір-бір жылқыдан берген екен.
Бұл күні Байқоңыр әуелете шырқалған әнге бөкті. Ауыл әншілері мен аудан орталығынан арнайы концерттік бағдарламамен келген өнерпаздар көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.
Мешіттің ашылу салтанаты дүбірлі думанға ұласты. Осы ауыл мектебінің 1960 жылдан – 1992 жылға дейінгі аралықтағы түлектерінің ұйымдастыруымен 30-дан астам ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, жомарт пейілмен көлкөсір той дастарханы жайылды. Рет-ретімен құрылған киіз үйлер алыстан «мен мұндалап» көз тартады. Той өтетін аумақта шаң болмасын деп жаяу жүргіншілер үшін балласт төселген.
Той ауыл маңында өткізілді. Түскі асқа дейін киіз үйлер жанында қазақтың ұлттық ойындары «Аударыспақ», «Желкетартыс», «Қошқар көтеру», «Арқантартыс» сайыстары өткізілді.
Делебесі қозған ел күш сынасып жатқан жігіттерге дем беріп, кең даланы басына көтере қиқуласып жатты. Байқоңыр өңірі мұндай дүбірді көптен естімеген шығар. Іргесіне қалың ел жиналған Байқоңыр өзенінің толқындары той думанына ынтызарлық танытқандай, жағалауды тынымсыз «ұрғылап» жатты.
Дүйім елдің делебесін қоздырған аударыспаққа 21 адам қатысып, бірыңғай «сен тұр, мен атайын» азаматтар бақ сынасты. Нәтижесінде жүлделі І орынды Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылынан келген Ердәулет Матаев (300 мың теңге) жеңіп алса,, ІІ орынды жезқазғандық Фархат Советов (150 мың теңге) еншіледі. Ал, ІІІ орынды Жезқазған қаласынан келген Аслан Бәкенов (50 мың теңге) иеленді.
Осылайша, түске дейін жоспарланған спорттық шаралар аяқталып, той меймандары ретретімен тігілген кигіз үйлерге тарқасты. Әр үйге табақ-табақ ет тартылып, бал қымыздан құйылды. Айтып-айтпай не керек, байқоңырлықтар өздерінің қонақжай халық екендіктерін жарқырата көрсетті.
Біз түскен киіз үйге игі жақсылар жиналған екен. Дастархан тізгінін осы ауылдың бұрынғы әкімі Серік Әбжанов ұстады. Секең сөзден жаңылсын ба? Әңгіменің тиегін ағытты. Осы тойды қалай ұйымдастырылғанын, дайындық жұмыстарының күнітүні қалай жүргізілгенін оралымды тілмен тәптіштеп айтып берді.
Ара-арасында әзіл әңгімелерді де ұтымды қосып қояды. Өзі қалжыңқұмар, сөз қоры мейлінше мол азамат қой. Отырыстың сәнін де, мәнін де келтірді…
Түскен кейін елдің асыға күткен ұлттық ойыны – қазақ күресі басталды. Оның соңы бәс тігіп, бәсекеге түскен түйе балуандар арасындағы, бейнелеп айтсақ, «жан алып, жан беріскен» сайысқа жалғасты. Жарысқа жаңаарқалық балуан, облысымыздың мақтанышысы Асыл Бәрменов те келген екен. Алшақта жатқан ауылда өткен тойға мұндай азаматтардың арнайы атбасын бұруы ауыл тұрғындары үшін бір ғанибет емес пе?! Жұртшылық балуан баласын зор ілтипатпен қарсы алып, қошемет көрсетті. Сан сайыста талай мықтының жауырынына жер иіскеткен ол азаматтық танытып, бұл жолы жолын ізіне ерген інілеріне берді.
Түйе балуандар белдесуінің көркін кіргізгендердің бірі байқоңырлық жас балуан Жандос Қайсаров болды. Ол ақтық сынға дейін сүрінбей барып, ауылының намысын оңайлықпен бере қоймайтынын айғақтады. Ауылдастары Жандостан үлкен үміт күтеді. Жас жігіттің болашақта биіктерді бағындыратынына сенімдері зор.
Әрине, бәсеке болған соң жеңіс те бар, жеңіліс те бар. Түпкі нәтижеде І орынды Айдос Ғалымов (Жаңаарқа ауданы) жеңіп алды. ІІ орын тұғырына Жандос Қайсаров (Байқоңыр ауылы) көтерілсе, ІІІ орын жүлдесін Алмас Мақажанов (Жәйрем кенті) пен Ислам Рахманқұлов (Сәтбаев қаласы) өзара бөлісті.
Күрес аяқталған бетте ел көліктеріне міне сала, ауылдан 5 шақырымдай қашықтықтағы ат бәйгесі өтетін алаңға тартты. Бұл жерде шашасына шаң жұқтырмаған кіл жүйріктер жиналған еді. Бәйгеге Ұлытау облысынан бөлек, еліміздің басқа да аймақтарынан келген жүйріктер қатысты.
Құнан бәйгеде Қайрат Көлбаев (Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылы) баптаған құнан өзгелерден оза шауып, І орынды жеңіп алды. Теміржан Тоқбергеновтың (Жаңаарқа ауданы, Ескене ауылы) қылқұйрығы екінші болып келсе, Есен Ақатаевтың (Көкті ауылы) жүйрігі мәре сызығын үшінші болып қиды.
Аламан бәйгеде Жасыбай Нығманов (Павлодар облысы, Баянауыл) тұлпардың бағы жанды. Қайрат Мединов (Теміртау қаласы) қосқан жүйрік ІІ орынды еншілесе, ІІІ орынның жүлдесі Алмаз Мақажанның (56 разъезд) атына бұйырды.
Жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болған барлық қатысушыларға қаржылай сыйақы табыс етілді.
Күн еңкейе қалың елді қызық пен қуанышқа кенелтіп, ауыл тұрғындарының мерейін өсірген ұланасыр той өз мәресіне жетті. Той өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тағы бір атап өту артықшылық етпейтін секілді. Бұл шара ауыл халқының «бір жаңадан – бас, бір жеңнен – қол» шығара білетін ұйымшыл қалпын байқатты.
Бір күнде қос бірдей қуанышпен қауышқан байқоңырлықтар, шынымен де, бақытты деп есептейміз…
Жасұлан АЯШЕВ