Бабасын қастерлеген ұрпақ
Ұлт ұясы – Ұлытау Алаш жұртына ортақ мекен. Бəтуалы би де, аруақты батыр да, ел билеген көсем де, ділмəр шешен де қасиетті жердің топырағын басқан. Солардың бірі һəм бірегейі Бабыр би БӨКЕНШІҰЛЫ. Сонау ертеден тарихта есімі ерекше ықыласпен аталатын Бағаналының төрт босағасының бірі. Бабыр бидің жарық дүниемен қоштасқан жері Сарлық ауылынан 18 шақырым жердегі Жетіқыз өзенінің жиегі екен. Сол жерге өткен жексенбіде би ұрпақтары айшықты белгі орнатты.
Негізінде Бабыр би 94 жасында жоғарғыда аталған жерде дүние салады. Содан кейін бидің денесін ұрпақтары түйемен Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қабірге жерлейді. Сол күнгі ескерткіш белгідегі түйенің бейнесі соны айғақтап тұрса керек.
Бабыр бидің өмірдерегіне үңілсек, 1770-1864 жылдары ғұмыр кешкен. Бағаналының төрт босағасының бірі атанған хас батыр, əділ би, көріпкел. Ол жастайынан қоғамдағы орын алып отырған əлеуметтік мəселелерді шешуге араласқан. Елдегі арыз-шағымдардың, даулардың ақ-қарасын ажыратып, ақиқатын айтуда беделі үлкен төреші болған. Осындай жағын ел құрметтеп, оны «би» деп атауы соның дəлелі. Ел сенімін арқалаған Бабыр би Қызылтас – Ибеске – Жұртшы болыстығына 1832 жылы сайланып, 1858 жылға дейін болыс болады. Осы тұс Арқа жерін Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық үшін күрестің толық қамтыған кезі. Бұл оқиғаға қатысты Бабырдың он ұлы, он екі немересінің Кенесары ханның жасағында болғаны туралы дерек бар. Ал, бидің екінші бір қыры халықты егіншілікке баулумен қатар мыс кенін игеруде айтарлықтай сіңірген еңбегі, əсіресе, жер байлығы елдің ырзығы деп ерте болжаған көрегенділігінде жатыр.
Келісті шараның ашылу салтанатына Ұлытау облысы əкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали, аудан əкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, «Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігі мен «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов жəне еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген Бабыр бидің ұрпақтары қатысты.
Жиын барысында бидің ел бірлігін қалыптастырудағы еңбегін, алыс-жақын ағайындар арасын жалғаған бітімгерлік қырын, сəуегейлік қасиетін қамтыған құнды деректер ортаға салынды. Осы тұста Сарлық өңіріндегі бұл игілікті іс халықтың ынтымағы мен бірлігінің арқасында жүзеге асып отырғандығын атап өткен де жөн. Бұл шараға «Жылгелді-баба» ұрпақтары демеушілік жасап, осы сауапты іске мұрындық болған Мұханбетжан Мырзабеков, Қанат Байсалбеков сынды азаматтардың есімдерін сүйсініспен айтуға болады. Сонымен қатар, жиын соңында Бабыр бидің кіндігінен тараған ұрпақтары Сарлық ауылы мешітінің үлкен залында баба рухына құран бағыштап ас берді.
Ескерткіш белгінің авторы, белгілі мүсінші Амантай Меңдіғалиевпен сонда жүздестік. Он саусағынан өнер тамған талантты шебер, бұған дейін Көкбөрі ескерткішін сонымен қатар елге танымал тұлғалардың мүсіндерін жасап, Жезқазған-Ұлытау өңірлерін толықтырған екен. Бұл жолы да Бабыр Бөкеншіұлы аманат қылған мекенге қойылған белгіге бар өнерін аямағаны айдан-анық. Тұғырынан қоса есептегенде 4 метрге жететін ескерткіш белгіні соққан мүсіншіге би ұрпақтары ризашылықтарын білдіріп, оның иығына оқалы шапан жапты.
Не керек, сол күнгі шарада Бабыр би ұрпақтары басқаларға өнеге боларлықтай шынайы бірліктің тамаша үлгісін танытты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ