«Бүкіл әлем мойындап отыр» – Тоқаев Қытай мен Қазақстан арақатынасы туралы
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты.
– Еліміздің сыртқы саясатында Қытаймен қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақстан қоғамының шығыстағы көршіге деген көзқарасы жақсара бастағаны байқалады. Болашақта ҚХР-мен ынтымақтастық қалай өрбиді?
– Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.
Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжіңнің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын.
Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бойынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспортқа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк тасымалын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрыннан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 миллиард доллар инвестиция салды.