Қазақстандық құтқарушылар үйінді астында қалған адамды аман алып шықты
Түркия еліне көмекке атанған қазақстандық құтқарушылар зілзала кезінде бүлінген үйлерді бұзу және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Түркияға келген қазақстандық құтқарушылар күрделілігі жоғары объектілерге бекітілген болатын. Өткен тәулікте бірінші топ қатты қисайған алты қабатты үйді тексерді. Үй барған сайын шөгіп жатыр, құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеуде. Блоктан шығару және үйге кіру жұмыстары жүргізілді, іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесі табылып сыртқа шығарылды. Үйінділерді тазарту, құрылыс конструкцияларын шығару жүріп жатыр, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада.
Екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді зерттеп, жергілікті құтқарушылармен бірге үйінді астында қалған әйелді құтқарып қалды.
Құтқарушылар үйінділер арасынан адамдарды жылдам іздестіру үшін барлық қажетті шараны қабылдауда. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр.