Қазақстанда метапневмовирус штамы анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирустың таралуына қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның мәлімдеуінше, адам метапневмовирусы көптеген елде ұзақ жыл таралған классикалық вирустың бірі. Оның штамы Қазақстанда тұмау өршіген кезде инфекцияның басқа түрімен қатар анықталды. Оны жұқтырғандар саны — 1,6% ғана.

Эпидемиялық маусымның басында елімізде тұмауға жатпайтын вирустардың 8 360 үлгісі зерттелген.

1,8 мың үлгіде вирус табылған. Оның ішінде 9,5%-ы паратұмау, 23,2%-ы РС вирусы, 36,4%-ы риновирус, 6,1%-ы бокавирус, 12,1%-ы аденовирус, 11,1%-ы коронавирус.

Метапневмовирус ауа тамшысы арқылы және аз жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы жұғады. Инфекцияның негізгі белгісі — жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емі жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады.