Қазақстанда ЭЦҚ беру тәсілі өзгереді
Цифрлық даму министрлігі файлдық тасымалдаушымен (флешка) ЭЦҚ шығаруды тоқтатып, биометриялық сәйкестендіру және токендерге көшуді жоспарлап отыр.
Былтыр алғаш рет ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне дербес деректерді қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау функциясы берілді. Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін қағаз жеткізгіштерде жинауға, өңдеуге тыйым салынды.
«Бәріміз де ондай жайтқа тап болған шығармыз. Қонақүйге барсаңыз, жеке куәлік сұрайтын. Сұрап қана қоймай, қағаздағы көшірмесін алып қалатын. Ондай жағдай екінші деңгейлі банктерде де, өзге ұйымдарда да болған. Қазір жеке басты куәландыратын құжаттың қағаздағы көшірмесін жинауға заңмен тыйым салынған», — деді Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Р.Әбдіқалықов.
Былтыр дербес деректер саласындағы заңнама талаптарын бұзу бойынша 38, биыл 7 айда 44 іс қозғалған.