Қазақстанда бала құқықтары жөніндегі 20 өңірлік уәкіл тағайындалды
Биыл елімізде алғаш рет әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Заң аясында бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл институты енгізілді. Бүгінде еліміздің 20 өңірінде балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын уәкілдер ресми түрде тағайындалды.
Өңірлердегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің міндеттері балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен басқа да ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдарды қарау, бала құқықтарын қалпына келтіруге көмек көрсету болып табылады. Бұдан бөлек, міндеттер қатарына білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдарына бару, балалардың құқықтарымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың құжаттарына қол жеткізу кіреді.
«Біз өңірлік уәкілдердің арқасында елдегі әрбір баланың құқығы қорғалады деген сенімдеміз. Олар тәуелсіз, әрі қоғамда белсенді жандар ретінде мемлекеттік органдардың күш-жігерін толықтыра отырып, балалардың игілігі үшін жұмыс істейтін болады. Аталған жұмыстар құқық бұзушылықтарға неғұрлым тиiмдi ден қоюға және дер кезiнде алдын алуға мүмкiндiк бередi. Бұл қызмет – балаларымыздың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартып, әділ және қауіпсіз қоғам құруға маңызды қадам», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кетейік, балалардың құқықтарын қорғаудың барлық өзекті мәселелері бойынша әр өңірдегі уәкілдерге жоғарыда көрсетілген нөмірлер арқылы хабарласуға немесе Instagram парақшасындағы direct-ке жазуға болады.