«Қазақмыс» корпорациясы қолдау көрсетеді
«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыруға қолдау көрсетеді. Бұл туралы облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫМЕН кездесуі барысында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Эдуард ОГАЙ мәлімдеді.
Аталған кешенді жоспар аясында «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен өңір үшін аса маңызды бірқатар индустриялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Кездесуде Жезқазған қаласында жаңа перинаталдық орталық (перзентхана) құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын (ЖСҚ) әзірлеу тақырыбы талқыланды. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы бассейні бар көпфункционалды спорт кешенінің, «Намыс» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясының құрылысына, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтарға қолдау көрсету ниетін растады. Бұлардан тысқары, компания Ұлытау ауданындағы «Күмісбұлақ» және «Тасбұлақ» нысандарын абаттандыруды жүзеге асырады.
«Қазақмыс» корпорациясы 500 орындық концерт залы бар мәдени орталықтың құрылысына қолұшын беретінін де жария етті. Сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың облыстық деңгейдегі құрылымдарына қызметке келген мамандарға баспана беру бойынша көмек көрсетілетін болады.
Әңгіме барысында Басқарма төрағасы Жезқазған қаласында жаңа университет құруға мүдделі екенін растады. Сонымен қатар, қаланың тұрғын үй-коммуналдық қызметтеріне қар жинау техникасын сатып алу мен қыс маусымында көлік жолдарына қызмет көрсетуді ұйымдастыруға қатысты қолдау көрсетілетін болады.
«Қазақмыс» корпорациясы тарапынан Жезқазған қаласында жаңа балабақша салу жобасы да қолдау табады.
Кездесуде алдағы жылу беру маусымына дайындық, Ұлытау ауданының электр желілерін одан әрі қызмет көрсету үшін ЖЭТК бөлімшесіне беру мәселелері пысықталып, егжей-тегжейлі талқыланды. Сонымен қатар, «Қазақмыс» корпорациясы облыс әкімі тарапынан ұсынылған басқа да бірқатар нысандарға қатысты нақты жұмыстарды жүргізуге қолдау білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тиісті меморандумға қол қою жоспарланған.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің материалдары негізінде әзірленді.