Ауызсу әр үйге кірді
«Қазақстандықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері – халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды міндеті. Сондықтан бұл біздің басымдығымыз болады. Орташа алғанда республика бойынша ауыз суға қолжетімділік деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиіс, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керек». Бұл Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы.
Осы келелі міндет елімізде кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Кезек Сарысу ауылына да жеткен сыңайлы. Үстіміздегі жылы ауыл тұрғындарының басым көпшілігі ауыз суды үйлеріне кіргізіп алды.
– Рас, бұл тұрғыда да олқы түсіп жатқан тұстарымыз бар. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы әлі созбайланып келеді. Құзырлы мекемелерден пәрмен болмаған соң өз күшімізбен білек сыбана іске кірістік. Соның нәтижесінде, ауылдағы 160 үйдің 130-дайы ауыз суды үйлеріне кіргізіп алды, – дейді ауылдық округтің әкімі Сәтжан Құрманбаев.
Ауыл әкімінің айтуынша, бұған дейін 4,5 шақырымды құрайтын құбыр ауыл ішін айналдыра тартылған екен. Ендігісі халықтың өз қаржысына жасалынуы тиіс. Яғни, іргеден өтіп жатқан құбырдан құлақ шығарып, үйге кіргізу әр тұрғынның өз еншісіндегі жұмыс. Биыл сол жұмыс жалғасын тауыпты. Жезқазған қаласынан жер қазатын трактор алдырып, оны тұрғындар жалдаған. Сөйтіп, 130 үйге ауыз су кірген.
– Бұл жұмыс, даладағы колонкалардың санының азайуына сеп болды. Бұрын ауыл ішінде 20 колонка қалса, бүгінде оның 15-і алынды. Су мамандары қыста қатқан құбырды жылытумен ерте күнді кеш қылатын еді. Одан құтылды. Қазір ауылда бар жоғы 5 колонка ғана жұмыс істеп тұр. Келер жылы оны да алып тастайтын боламыз, – дейді округ әкімі.
Қазір ауылда су кесімді мерзіммен беріледі екен. Бұлайша жұмыс істеуге су жинайтын мұнараның көтерілмей тұруы себеп болуда. Жазда жаңғыртылып, жөнделген мұнараны көтеретін кран таптырмай тұрған көрінеді. Мұнара орнатылған сәтте ауылға ауызсу тоқтаусыз келіп тұратын болады. Ал, әзірге сусорғы таңғы тоғыздан күндізгі үшке дейін су жіберіп тұр.
Орайы келгенде айта кетейік, ауылда судың бағасы үйге кіргізілгендер үшін 300 теңге, колонкадан алатындар үшін 150 теңге болып белгіленген. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде ауылда 3 маман жұмыс істейді.