«Ауылда болса, аузыңа тиеді…»
(Естелік əңгіме)
ҚЫСЫЛТАЯҢ КЕЗЕҢ ЕДІ
Қызыл империя – Кеңес одағы ыдырап, Тəуелсіз елге айналғанымызға 30 жыл толып отыр. Оның алғашқы жылдарында қиын кезеңдерді бастан кештік. Ол біздің мамандығымыз қажетсіз болып, абдырап қалған шағымыз еді. Өндіріс ошақтары тоқыраған, мен қызмет істеген Жезді ауылшаруашылық базасы да жұмысын тоқтатқан кез. Халық – сергелдеңде. Бала-шағамыз бар, «не істеу керек?!» деген сауал жанымызды жегідей жеген уақыт… Сол кезде бағзы күндердегі күпі киген қазақтардың «Адам малды асыраса, мал жанды асырайды» деген қанатты сөзі ойымызға оралды. Үй-ішімізбен ақылдасып, бұрынғы ата жолымыз – мал өсірумен айналысу керек, одан басқа жол жоқ деген тұжырымға табан тіредік. Өз мамандығым да – осы сала.
Бұрындары Талдысайдағы жекжаттарыма барып жүргенде, олардан үш шақырымдай қашықтықтағы Ұлытау бағытындағы көлік жолының оң жақ шығысында орналасқан «Сарыбұлақ» деп аталатын жерге көзім түсіп жүруші еді. Содан Ұлытау ауданының əкімі Серік Тілеубаевқа өтініш жазып, тиісінше, өкім шығарттым. Айтып-айтпай не керек, сол жердің пұшпағына іліктім.
Бұл – 1996 жыл, зайыбым Рысалды екеуміздің зейнет демалысына шыққан кезіміз. Қолымызда əлі аяқтанбаған алты баламыз бар. Сол жылдың көктемінде «Сарыбұлақ» деген атаумен шаруа қожалығын құрдық. Бағымдағы малымыз – бір сиыр мен төрт қой. Жездіден шамалы жүкпен көшіп барып, уақытша вагонда отырдық. Бұл жердің бір ерекшелігі – екі бұлағы бар. Біреуі – айдынды, оны «Сарыбұлақ » десе, қыр жағындағы жартасты жарып шығып жатқан бұлақты «Бөрітескен» деп атайды. Міне осы бұлақтың төменгі тұсында бұрындары ақ бидай еккен екен. Оны бұлақ суымен суарып өсірген. Ендігі ой – əлгі жерге картоп егу. Алайда, қолда оны жыртатын техника жоқ. Содан ойласа келіп, Талдысайдағы тракторы бар Əнузаның, соқасы мен тырмасы бар Мұқанбетжанның отбасыларымен бірігіп, баяғыша артель құрдық. Қысқасы, жерді жырттық, бораналап, тегістеп, арықтарын қазып, мамыр айының ортасында картоп егуді аяқтадық. Маусым айының орта кезінде тың жерге еккеніміз түгелдей жайқалып, гүлдеп, шыға келді.
АРЫЗҚОЙЛАРҒА «ЕС ЖИҒЫЗУ»
Бір күні бала-шағамызбен картопты арам шөптерінен тазалап, түптеп, суарып жатқанымызда, бұлақтың іргесінен өтетін қара жолмен «Газ-53» жүк машинасы келіп, тоқтай қалды. Жүргізушінің жалғыз өзі ғана. Көліктен түскенінде таныдым, бұрынғы Терісаққан совхозының директоры, қазір зейнеткер, Ұлытауда тұратын Дүйсебек Дүйсенбаев екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін «Құдам Тұралының ауылынан келе жатыр едім. Мыналарың қандай керемет! Жайқалып, гүлдеп тұр ғой. Əнузамен, Мұқанбетжанмен бірге əрекеттеніп жатыр екенсіңдер. Жөн екен. Бірақ, барынша абай болыңдар, мал жеп кетіп жүрмесін. Шабындықтарың да жақсы екен», – деді де жүріп кетті.
Мен ештеңені парықтап үлгермеген күйімде тұрған орнымда қалдым. Ертеңіне бір шаруам болып, Жезді кентіндегі Совет ағайдың үйіне соқсам, «саған Дүйсебек Дүйсенбаев барды ма?» деп сұрады. «Оның неге барғанын білесің бе? Анау іргеңдегі Талдысайда отырған бір кісілер аудан басшысына сенің үстіңнен шағым түсіріпті. Құлахметов біздің малымыз жайылатын, су ішетін жерге бау-бақша егіп, малымызды жолатпай отыр. Оның мұнысы – заңсыз, көшіру керек депті» дейді.
Ол кісінің неге келгенін сонда ғана түсіндім. Арыз түскен соң «мəн-жайды біліп кел» деп аудан əкімі жіберсе керек. Біздің шаруаны бағамдағаннан кейін əкімге барып, көрген-білгенін айтады ғой. «Олар еңбектеніп жатыр. Мен бұрын-соңды мұндай жайқалып шығып тұрған картопты көргенім жоқ. Ол алған өнім осы өңір үшін рекорд болады» депті.
Содан не керек, аудан басшысы «арыздарыңды қараймыз» деп шағым беруші үш азаматты шақыртыпты. Бірақ мені шақырған жоқ. Үшеуі барып қабылдау бөлмесінде отырғанда, іздерінше келген екі полиция қызметкері ішке кіріп кетіпті. Сəлден соң бұл үшеуін шақырып, кірген беттерінде екі полицияға «мына үшеуінің қолдарына кісен салып, апарып қамаңдар. Бұлар ерігіп жүрген, жұмыс істемейтін, еңбек етіп жатқандардың үстінен негізсіз арыз жазатын арамтамақтар» дейді аудан басшысы. Олар ды алдарына салып, далаға шыққан соң полиция қызметкерлерінің біреуі дəретханаға, екіншісі дүкенге кіріп кетіпті. Бұлар əрі тұрады, бері тұрады, жаңағылар жоқ. Содан ішіндегі жасы үлкендеуі «құрып кетсін, қашайық» деп, қашып ауылға келіпті. Мен мұны іле-шала шаруам болып, аудан орталығына барғанымда əлгі полиция қызметкерлерінен естідім…
«НЕ ЕКСЕҢ, СОНЫ ОРАСЫҢ»
Күзде картоп қазып, жаздайғы еңбегіміздің жемісін жинауға кірістік. Біз тоқсан қапқа жуық, ал Əнуза мен Мұқанбетжан отыз қаптан қартоп алып, мəз болып қалдық. Алынған өнімнің ұсағы жоқ, біркелкі, үлкендігі жұдырықтай, кеседейі де бар жəне үш түрлі – ақ, қызыл, голландық күлгін түсті жəне экологиялық таза өнім, ас болу қасиеті өте жоғары, протеин мен крахмалдығы – 100 пайыз. Мұны біраз жер естіп, «өңір үшін рекорд» дегендері де болды.
Алынған өнімді саудаға шығарып, іргелес отырған шаруа қожалығының иегері Шəкір Коловқа бартер тəсілімен бердік. Он қап картопқа бес қой тиді. Енді біреуге 6 лақ, 2 қозыға айырбастадық. Жездіге апарып едік, жұртта ақша жоқ, көшіп жатқандар көп, оларға да бартерге беріп, құрылысқа қажетті үй-қоражайларына, бұзау -танаға айырбастап, үш-төрт бас мал алдық.
Есімізді жинағаннан кейін көрші ауылды «Сабантойға» шақырдық. Оның ішінде құрдастарым Төлеген, Сəдібек, Нұғымаш та бар. Əрқайсына бір-екі қаптан картоп беріп, «ұрттап-жалап», картамызды ойнап, əзіл-қалжыңмен көңілді тарқасып едік.
Келесі жылдары үй, қора салып, төрт-бес жылда сиыр санын 20-30 басқа, қой мен ешкіні 150 басқа дейін жеткіздік. Соның арасында келін түсіріп, қыз ұзаттық. Той-томалағымызды қысылмай өткеруге, балаларымызды аяқтандыруға мүмкіндік берген жарықтық осы мал еді.
Бізді бауырына басып, барын берген жарықтық ЖерАнаға, оның айдынды «Сарыбұлағына», «Бөрітескен» бұлағына жəне сыртымыздан қамқоршы болған Өсербайдың аруағына мың рет тағзым етіп, басымызды иеміз.
АУЫЛҒА АЙРЫҚША НАЗАР ҚАЖЕТ
Ауыл – қазақтың алтын бесігі, талай зиялы қауымды тəрбиелеп өсірген орта. Бүгіндері ауылдарда тұрақтап қалған адамдар саны бұрынғыға қарағанда тым аз. Олар шама-шарқы жеткенінше ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, өз қажеттіліктерімен қоса ел мүддесі жолында тынымсыз еңбек етуде. Салыстырмалы түрде азғантай ғана өнімді тиімді саудалау да оңайға соға қоймайды. Маңдай терімен тапқандарын делдалдар арқылы өткізеді. Мал азығын дайындайтын техникалары ескі, оларға салынатын сайман атаулы қымбат. Жанармай бағасы шарықтап тұр. Мұның бəрі – менің өз басымнан кешкендерім.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің азық-түлік белдеуін тиянақты түрде қамтамасыз ету мəселесі өзекті екенін ерекше атап өтті. Ауылшаруашылық саласы түрлі реформаларды басынан өткеріп келеді. Бұл үрдіс əлі де жалғасын таба берері анық. Сол қадамдарды ойластырғанда ауылдағы қарапайым, мүмкіндігі шектеулі шаруаларға нақты əрі жеңілдетілген жолмен қолдау көрсетудің тиімді тəсілдері ескерілуі тиіс. Қысқасы ауылға, ондағы еңбеккерлерге айрықша назар аударылуы қажет. Кешегі нешетүрлі қиямет-қайымды бастарынан өткерген бабаларымыздың «Алтын-күміс – тас екен, арпа-бидай – ас екен» деген мəтелі – бізге қалдырған ескертпе-өсиеті! Міне, соны естен шығармаған жөн.
Қадыр ҚҰЛАХМЕТ,
еңбек ардагері.
ЖЕЗДІ кенті.