Ауыл әкімдері сайлауынан кейінгі ой

Өткен ғасырдың 1980 жылдарының орта тұсынан бері өмірге бірте-бірте араласа бастаған демократиялық сипаттағы түрлі деңгейдегі сайлаулардың басы-қасында жүріп, сараптамалық тұрғыда ой қорытқаннан кейін соңғы сайлаудан, яғни, кент және ауылдық округтер әкімдерін халықтың таңдауынан алған әсеріммен бөліскім келеді. Соңғы 30 жылда, яғни, ел Тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі кезеңде халықтың қоғамдық қатынастарға көзқарасы кемелденіп, ой-өрісі оң өзгерістерге қарай бет бұрғаны анық байқалады.

«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңның 14-бабы, 9-тармақшасына, 45-бабы және 113-2-бабына сәйкес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы негізінде, ел аумағында ауылдар мен кенттер әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлағаны аса үлкен жаңалық болғаны сөзсіз.

Сайлаудың ең басты ерекшелігі – оның нәтижесі жоғары тұрған құзырлы органдардың ықпалына тәуелді болмағаны. Бұдан бөлек, бұл жерде бұрыннан айтыла беретін туған-туыстық пен ағайын-жекжаттықтың әсері де әлсірегені анық байқалды. Сайлау барысында халықтың өздері тұратын ауылды жан-жақты жандандыратын, елдің қамын ойлайтын, қолданыстағы заңнамалар талаптарын мүлтіксіз сақтай отырып жұмыс жүргізетін, білімді, адамгершілігі зор, іскер азаматты іздегені белгілі болды.

Бұл сайлау сайланған әкімдердің иығына ауыртпалығы зор үлкен жауапкершілік жүктеді. Ал сайланбай қалған азаматтар өздерінің олқы тұстарын түсініп, бұқараның шешім қабылдарда нені басшылыққа алғанын бағамдады. Олардың тиісінше, келешекте өзін-өзі одан әрі дамыту бағытында жұмыс жасайтындығы аңғарылады. Ауданның халқын жақсы білетіндіктен, сайлау өткен әр округтен кездескен сайлаушылармен сұхбаттасу нәтижесінде осындай ойға келдім.

Бұрын жасыратыны жоқ, жекелеген ауыл басшыларына кісілік, менмендік мінез бен бюрократтық ұстаным тән болатын. Мұның басты себебі – оларды әкім креслосына жоғарғы жақтан тағайындап отырғызатын және сол жақтың пәрменімен ғана қызметінен босатылатын. Енді ауыл басшылары халықтың алдында жауап беретін жағдайға, шын мәнінде, жетті. Қай округтің халқы болса да, 90 пайыздан астамы – қарапайым еңбекшілер. Бұл күнде олардың еңбек құқықтары тиісті дәрежеде қорғалып тұрмағаны – бесенеден белгілі жайт. Келешекте сол еңбек адамдары өздері сайлаған ауыл немесе кент басшысына мұң-мұқтажын еркін, ашық айта алады. Қажеттілік туындаса, талап ету мүмкіндігі де бар.

Міне, осының барлығы еліміздің өркендеуі мен дамуына, ауылдардың көркеюіне, олардың тұрғындардың әлауқатының артуына негіз қалары сөзсіз. Осынау демократиялық бастама ауыл ішіне оң өзгерістер алып келетіні көңілге қуаныш ұялатады.

 

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,

еңбек ардагері.