Ауыл еңбеккерлеріне – қапысыз құрмет
Аудандық мәдениет үйінде кәсіби мерекелеріне орай, ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары қатысуымен өткен жиынға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов, Ұлытау облысы мәслихатының депутаты Гүлнәз Омарова, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, фермерлер, аудандағы аграрлық сала жұмысын ұйымдастырушы мамандар мен ардагерлер қатысты.
Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Дастан Адайұлы құттықтау сөзбен ашып, мереке иелеріне алдағы уақытта да жемісті еңбек тіледі. Бір топ еңбек майталмандарына Ұлытау облысының Құрмет грамоталары, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының Алғыс хаттары табысталды.
Облыс әкімінің орынбасары ел үшін ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қашанда құрметті екендігін айтты. Ал, бүгінгі шара ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбекке деген құлшынысын арттыруға үлкен серпін береді – деп атап өтті, облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан кейін еңбек озаттары құрмет биігінен көрінді. «Кеңгір» шаруа қожалығының мүшесі Гауһартас Жүнісова мен «Әбілов» атындағы шаруа қожалығының иегері Ғалым Әбілов – Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абзал Еділбаев пен «Әлібеков» шаруа қожалығының иегері Ғалым Әлібеков – облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков те ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің төгілген тері мен өлшеусіз еңбегін еледі. Жеке номинациялар бойынша төмендегі еңбек майталмандары үздіктер қатарынан бой көрсетті.
«Үздік диқаншы» – Далкен Бұралхин (Алғабас ауылы), «Үздік механизатор» – Айбек Сансызбаев (Жезді кенті), «Үздік шаруа қожалығы» – Қайтпас Жайлаубаев (Байқоңыр ауылы), «Үздік асыл тұқымды шаруа қожалығы» – Абдулла Жаналин (Қоскөл ауылы), «Үздік жылқышы» – Қоныс Әбілғазин (Терісаққан ауылы), «Үздік шопан» – Шәкіржан Сейітжанов (Аманкелді ауылы), «Үздік комбайнер» – Мұқанбет Кәрімов (Қаракеңгір ауылы), «Үздік ветеринариялық зертханашы» – Орынкүл Байсалбаева (Ұлытау ауылы), «Үздік ветеринар» – Ержігіт Сәрсенбаев (Қарсақбай кенті). Мұнымен қоса, үздіктер сый-сияпатқа да ие болды.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген бір топ еңбеккерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарын алды. Олардың қатарында Нұрбол Қалиев, Әсел Сапарова, Серік Күкенов бар. Бұл жолы шаруа қожалықтарында аянбай еңбек етіп жүргендердің де еңбегін елеусіз қалдырған жоқ. Әр өңірдегі еңбек адамдары осы күні марапатқа ие болып, мерейлері тасыды.
Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов те Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен – Ербол Баржақсынов пен Марат Уахитовты марапаттады. Мерекелік көңіл-күймен өткен шарада Ұлытау облысы мәслихатының депутаты Гүлнәз Омарова Қазақстан фермерлер қауымдастығының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Қайрат Сакиповты, «Үздік фермер» медалімен – Балғабек Қаражорғинды марапаттады. Сонымен қатар, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Шаяхмет Үмбетов те бірқатар ардагерлер мен еңбек озаттарына түрлі деңгейдегі төсбелгілерді тапсырды. Әуелі «Құрметті ардагер» төсбелгісін Құдайберген Ділдебаевтың кеудесіне тақты. ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Қарғабай Күлшарипов, Қиясбек Әділбаев, Мұрат Құдайқұлов марапатталды. «Елеулі еңбегі үшін» төсбелгісін ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан Мұса Шманов пен Азат Қыдырпатшаевқа тапсырды.
Одан кейін, сахна төріне мәдениет үйінің өнерпаздары көтерілді. Нұржан Сүйінбаев пен Мәдина Жұмабаева «Туған жер» әнін шырқады. Кәусар Әбухамитова мерекелік күй шашуынан «Попури» орындады. Сонымен қатар, домбыра үйірмесінің жетекшісі Жаңагүл Кенжебайдың жетекшілігімен өткен оқушылар оркестрі мен Азамат Смағұлов пен Жолдасбек Рашиттің орындауындағы ауыл тақырыбындағы әндерді де жиналған жұртшылық тапжылмай тыңдады.
Бір айта кетерлігі, мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінен көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде береке мен молшылықтың лебі есіп тұрды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерінің молдығы мен алуан түрлілігі, сондай-ақ, мерекелік реңде безендірілуі шараның көркін асырды. Сырттан қараушы тараптың да көңілдері тоятындай көрініс болды. Қарап тұрып: «Шіркін-ай, ауылда молшылық пен несібенің негізі бар-ау…» деп ой түйесің. Қазақы қалыпқа тән қонақжайлылық дәстүрінен айнымаған фермерлер даладай дархан көңілмен, ақжарма пейілмен көрме аясында жақсы ниет танытты. Көрмені тамашалаушыларды жылы шыраймен қабылдады. Қаз-қатар қойылған үстел басынан әр адам ауыл дәмінен өзінің қалауынша ауыз тиіп, бата-тілектерді жаудырып жатты.
Жалпы, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің мерекесін өткізу жайы ұтымды ұйымдастырылыпты. Оған сол күнгі шараға қатысқандардың оң сипатта баға бергені айқын дәлел.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.