Қауіпсіздік шаралары қаралды

Ұлытау ауданы әкімдігінде аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Жиын барысында 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, орман-тоғай және дала өрттерінің алдын алу шаралары, суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселелері және аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалысы талқыланды.

Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары
Алғашқы мәселе бойынша ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Баяндамада аудан бойынша бірқатар көрсеткіштердің оң динамика көрсеткені атап өтілді. Алайда, кей салаларда қарқын төмендеуінің алдын алу мақсатында нақты шаралар қабылдау қажеттігі де айтылды.
Аудан басшысы сала жетекшілері мен ауылдық округ әкімдеріне негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, құрылыс жұмыстарының қарқынын үдету және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Барлық тапсырмалардың орындалысы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.
Өрт қауіпсіздігі мен шомылу маусымындағы қауіпсіздік
Күн тәртібіндегі екінші мәселе — жаз маусымындағы қауіпсіздік шараларына арналды. Бұл бағытта аудан әкімінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Ғабит Даутбаев пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Данияр Мұхамбетов орман-тоғай мен дала өрттерінің алдын алу, сондай-ақ су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы кең көлемде баяндама жасады.
Аудан басшысы тиісті бөлімдер мен кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, қауіптің алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтуді жүктеді. Бұл тапсырмалар мәжіліс хаттамасына енгізіліп, нақты орындалуы талап етілді.
Хаттамалық тапсырмалардың орындалысы
Мәжілістің үшінші бөлігінде аудан әкімі аппаратының басшысы Ержан Дәуітбай сөз алып, аудан әкімінің бұрын берілген хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде есеп берді. Жауапты тұлғалар тарапынан кейбір тапсырмалардың мерзімінде орындалмауы сынға алынып, мұндай жағдайлар қайталанған жағдайда тәртіптік шаралар қолданылатыны қатты ескертілді. Жиын соңында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков барлық қатысушыларға нақты міндеттер жүктеп, олардың орындалысын тікелей өз бақылауында ұстайтынын мәлімдеді. Ол ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін барлық салалар үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.