ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Бүгін Ұлытау облысындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында 2024 жылғы өрт қауіпті кезеңінің қорытындысы, «Қыс-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуға дайындық, 2024-2025 жылдардың қыс мезгіліне дайындығы, 2025 жылғы су тасқынының алдын алуға бағытталған іс-шаралардың орындалу барысы және азаматтық қорғану құрылғыларын әзірлікке келтіру туралы маңызды сұрақтар қаралды.

Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Есен Байыров саладағы атқарылған жұмыстар, өзекті мәселелер және шешу жолдары жайында баяндаса, қала-аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшылары, «ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы» АҚ филиалының директоры өңірлер мен трассалардың қыс мезгіліне дайындығы жайында ақпарат берді.

Бұл тұрғыда өңір басшысы облыстық маңызы бар жолдарда қызмет көрсететін мердігерлер мен ұйымдардың қыс мезгіліне дайындығын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Ал республикалық маңызы бар жолдарды қажетті техникалармен қамтамасыз етіп, уақытында жолдардың аршылуын және инертті материалдардың қажет кезінде себілуін бақылауға алу міндетін жүктеді.

Сондай-ақ облыс әкімі су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстарда санацияның нәтижелі болуы маңызды екенін алға тартты. Өңір басшысы бұл ретте аталған жоба толық аяқталған соң, қабылдап алуда келеңсіздік болдырмауды назарда ұстау қажеттігін жеткізді.