Қауіп қайдан демеңіз…

Ұлытау облысында жол апатынан жарақат алған және көз жұмған балалар саны күн өткен сайын артып жатыр. Сандарды сөйлететін болсақ, 2023 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында облыста кәмелет жасқа толмаған 37 бала жол-көлік апатынан зардап шеккен. Олардың 14-і жеңіл жарақатпен құтылса, қалғандары ми, бас, кеуде, қабырға, омыртқа, жамбас, тізе мен қол жарақаты, сондай-ақ көкбауырдың жарылуы сияқты диагноздармен аурухана кереуетіне танылған.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының 6 айдағы мәліметіне сүйенсек, тағы 3 бала жарақаттан көз жұмған. Осы орайда жұртшылық назарын балалардың жол-көлік жарақаты мәселесіне аудару үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы БАҚ өкілдеріне травматология бөлімшесінде пресс-тур ұйымдастырды.

Рүстем Нысанбаев бастаған ақ халаттылар бүгін 16 жасар науқастың аяғын сақтап қалу үшін Илизаров аппаратын қою отасын жасады.

– Былтыр біздің бөлімшеге жол-көлік оқиғасының қатысушысы болған 8 жасөспірім жеткізілсе, 2023 жылдың 8 айында олардың саны 9-ға жетті. Зардап шеккендердің көбісі – мопед, электронды самокат тізгіндегендер. Ота үстеліндегі жасөспірімге сол жақ балтырдың ортаңғы бөлігінің 2Б дәрежелі ашық ығысқан сынығы, сол жақ буынының және санның ауқымды жарасы диагнозы қойылды. Ота сәтті өтті. Дегенмен, қуануға әлі ерте. Науқастың толық айығуы үшін жарты жылдай уақыт қажет. Алда ұзақ оңалту курсы бар. Әрине ем-домның бәрі МӘМС есебінен жүргізіледі , – деген облыстың бас травматологы ата-аналарды жауапкершілікке, балаларды жол ережесін бұзбауға шақырды.

Травматология бөлімшесі дәрігерлерінің әр күні ерлікке пара-пар. Пациент өмірін аман сақтап қалу жолында тез әрі біліктілікпен әрекет етіп, тәулігіне 24 сағат дамыл таппай жұмыс істейтін адам жанының арашасы, ақ желеңді азбал жандар құрмет пен қошеметке ғана лайық. Жедел жәрдем көлігімен түрлі дәрежедегі жарақатпен жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасаудың арқасында өмірге қайта келгендей болдық деп алғысын үйіп-төккендердің бірі – Карина. Ол мопедтен құлап, аяғын екі жерден сындырған. Алайда, қиындықтың бәрі артта қалып, дәрігерлер қыздың аяғына жан бітірген.

Әр пациентке ыстық ықыласы мен аялы алақанының жылуын сездіріп, тоқтаған жүректі қайта соққызып, үзілген үміттерді жалғап жүрген травматология бөлімінің ұжымына ризашылығымызды білдіре отырып, көлік жүргізушілері өзінің өміріне ғана емес, жолдағы өзге де жолаушылардың тағдырына жауапты екенін еске саламыз.
Құрметті ата-аналар, бауыр еті балаңызға мопед, велосипед пен электронды самокат сатып аларда жеті рет ойланып, шешім қабылдағаныңыз абзал. Жолда жүру ережесін түсіндіргеннің де еш әбестігі жоқ.

Өз тілшімізден.