Ауданда бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады

Бүгін аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың төрағалығымен кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, кент пен село әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде мемлекеттік сатып алу конкурстарының барысы және Ұлытау селосы әкімдігінің өткен жылғы жұмыстары мен алдағы кезеңге жоспарлары қаралды. Бірінші мәселе бойынша қаржы бөлімінің басшысы Шайхин Тасболат баяндама жасап, биыл аудан көлемінде жүзеге асырылатын негізгі жобаларға тоқталды.

Жиында көпшілік үшін жағымды жаңалық ретінде аудан орталығында және Жангелді селолық округінде жабық футбол алаңын салу жоспарланып отырғаны айтылды. Бұл нысандар бұқаралық спортты дамытуға және жастардың бос уақытын тиімді өткізуге серпін береді.

Сонымен қатар, тұрғын үйлерді сатып алу, ауданның электр жүйелеріне жөндеу жүргізу, Ұлытау селосы мен Амангелді селолық округінде жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және қыс мезгілінде күтіп ұстау жұмыстары қолға алынады. Бұдан бөлек, Амангелді және Қоскөл ауылдарындағы су желілерін қайта жаңғырту жобалары жүзеге асырылатын болады.

Екінші мәселе бойынша Ұлытау селосының әкімі Талғат Абжаппаров елді мекенді абаттандыру бағытындағы жоспарлармен таныстырды. Атап айтқанда, балалар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Нұртазин көшесінде, Асатов көшесінен Сапар орталығына дейін, сондай-ақ Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік көшесіне дейін жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз әрі қолайлы жолдар салу көзделген.

Сонымен бірге, Бес арыс, «Ұлар», Хан алаңы, «Таңбалы тас» және «Кетбұға» скверлерін абаттандыру, балалар ойын алаңдарын орнату, сахна аумағын жаңарту, гүлзарларды егу және елді мекеннің көркін арттыратын декоративті элементтерді орналастыру жоспарланып отыр.

Мәжіліс қорытындысында аудан басшысы барлық жұмыстарды бекітілген кестеге сай, сапалы әрі уақытында орындауды тапсырды. Сондай-ақ, халық игілігі үшін салынған әлеуметтік нысандардың бұзылмауына, таза болуына әрбір тұрғын жауапкершілікпен қарауы қажет екенін атап өтті.