Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Алғабас ауылдық округінде аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиынға аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері, сала басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

АЛҒАБАС ауылы

Кездесу барысында аудан әкімі биылғы жылы округте жүзеге асырылған әлеуметтік-экономикалық жұмыстарға тоқталып, келер жылға жоспарланған жобалар туралы кеңінен баяндады. Инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандарды қолдау, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру – басым бағыттар қатарында екені айтылды.
Жиында ауыл тұрғындары да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Ауыл тұрғындары тарапынан ең алдымен электр энергиясының тұрақтылығы және облыстық маңызы бар тас жолдың жағдайы
сөз болды.
Бұл мәселелердің ауыл тіршілігіне тікелей әсер ететінін атап өткен тұрғындар нақты шешімдер қабылдауды сұрады. Аудан әкімі әрбір сұраққа жеке-жеке тоқталып, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Аталған мәселелер бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешілетіні жеткізілді.
Кездесуден кейін аудан басшысы ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қысқы маусымға дайындығын тексерді. Сонымен қатар құрылысы толық аяқталған медициналық акушерлік пункттің жағдайымен танысты.
Аталған медициналық нысан жақын уақытта қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, ауылға жаңа жедел жәрдем көлігі берілетіні айтылды. Бұл – ауыл халқы үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Сапар барысында аудан әкімі Алғабас ауылына жаңадан қоныс аударған отбасының үйіне арнайы барып, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Көшіп келген тұрғындарға көрсетілетін қолдау шаралары мен ауылдың даму мүмкіндіктері сөз болды.
Аманжол Мырзабеков ауылдың әлеуетін арттыруда жергілікті тұрғындармен бірлесе жұмыс істеудің маңызы зор екенін атап өтіп, барлық бастамалар ел игілігі үшін атқарылатынын жеткізді.

ҚАРАКЕҢГІР ауылы

Қаракеңгір ауылдық округінде аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың қатысуымен кезекті көшпелі кездесу өтті. Ауылға жұмыс сапары барысында аудан басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен ашық форматта пікір алмасты. Кездесуге аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, мекеме және бөлім басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Алдымен аудан әкімі ауылдағы мектеп ғимаратының ішкі жағдайымен танысты. Білім беру сапасын арттыру, оқу үдерісін жақсарту мақсатында алдағы уақытта ауылға білікті мамандарды тарту қажеттігі айтылды. Бұл бағытта тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар ауыл халқының санын тұрақтандыру, жас отбасыларды тарту және көшіп келген тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында көші-қон бағдарламасы аясындағы жұмыстарды күшейту ауыл әкіміне жүктелді.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, Қаракеңгір-Ұлытау бағытындағы автомобиль жолының сапасын жақсарту, сондай-ақ ауылдағы жабық футбол алаңына аудандық деңгейде жауапты маман тағайындау жөнінде ұсыныстар айтылды.
Аудан әкімі жол құрылысына қатысты мәселелердің жауапты басқармамен бірлесіп қарастырылып, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Ал спорт нысанына байланысты жабық футбол алаңының құжаттарын заңдастыру, сонымен қатар штатқа спорт маманын қарастыру жөнінде тиісті ұсыныстар енгізілетіні айтылды.
Кездесуде әкімдік пен кітапхана ғимараттарына модульдік жылыту қазандығын орнату туралы ұсыныс түсіп, бұл мәселенің келесі жылғы бюджет аясында қарастырылатыны мәлімделді.
Сонымен бірге тұрғындар мал шаруашылығына қатысты сауалдарын қойып, аудан басшылығы тарапынан нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, шаруаларға көрсетілетін қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.
Кездесу қорытындысында Аманжол Мырзабеков ауылдарды дамытуда халықпен тікелей байланыс орнатудың маңызы зор екенін атап өтіп, көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

АМАНКЕЛДІ ауылы

Аудан басшысы Аманжол Мырзабековтың кезекті жұмыс сапары Аманкелді ауылдық округінде жалғасты. Кездесуге аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, аудандық мекемелердің басшылары, ауыл ақсақалдары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі биыл аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге жоспарланған негізгі жобалар мен басым бағыттарды таныстырды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, жайылымдық жер тапшылығы, Ұлытау — Аманкелді бағытындағы автомобиль жолының жағдайы, жас мамандарға арналған тұрғын үйдің жетіспеушілігі, пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, сондай-ақ жаңа медициналық пункт салу қажеттілігі сөз болды.
Аудан басшысы қойылған сұрақтардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың шешілу жолдарын нақты түсіндірді. Оның айтуынша, биыл аудан бойынша 135 мың гектар, ал соңғы үш жылда 300 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Келер жылы бұл жерлер қайта айналымға енгізіліп, нақты жерді игеретін шаруаларға конкурс негізінде берілетін болады.
Ағымдағы жылы Ұлытау — Аманкелді бағыты бойынша 10 шақырым жол асфальтталды. Келер жылы Хан ордасына дейін көтерме жол салу жоспарлануда. Аталған бағыттағы жер құжаттары толық рәсімделіп, жұмыстарды бастауға дайын.
Ауылға жаңа медициналық пункт салу мақсатында жер телімі нақтыланып, тиісті ұсыныс облыстық басқармаға жолданды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты шаралар белгіленді. Аманжол Мырзабеков елді мекендерді дамытуда халықпен тікелей байланыс орнату маңызды екенін атап өтіп, барлық бастамалар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын жеткізді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.