Ата Заң – ел тірегі
Аудан орталығында ел Конституциясы күні кеңінен тойланды. Аудандық мәдениет үйінде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен азаттық мәртебесі асқақтап, Отанымызды құқықтық, егеменді демократиялық мемлекет ретінде әлемге танытып отырған Ата Заңымыздың қадір-қасиеті кеңінен баяндалды.
Мерекеге жиналған жұртшылықты аудан әкімі Аманжол Мырзабеков құттықтады.
– Баршаңызды Тәуелсіз еліміздің Ата Заңы күнімен құттықтаймын. Конституция – біздің негізгі заңымыз, елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси,экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырудың берік іргетасы. Сондықтан да Қазақстанның әрбір азаматы Ата Заңымызды құрметтеп, қастерлеуге міндетті, — деді Аманжол Батырбекұлы.
Әкім бұдан соң, Қазақстан Республикасының Конситуциясы күніне орай бір топ азаматтарды марапаттады. Ұлытау облысының қоғамдық – саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтік -экономикалық дамуына қосқан үлесі мен адал еңбегі үшін аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, аудандық Қорғаныс істері бөлімінің жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау қызметінің басшысы Айсара Әбішова – Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонан соң, аудандық Қорғаныс істері бөлімінің жасақтау қызметінің басшысы Дәурен Смайылов пен аудандық жер қатынастары және сәулет, қала құрылысы бөлімінің бас маманы Сағдат Өсербай – Ұлытау ауданының Құрмет грамотасына ие болды. Сонымен қатар, аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың Алғыс хаты – Қорғаныс істері бөлімінің қызметкері Дәулет Жекебатыровқа берілді.
Одан кейінгі марапаттау рәсімін «Ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Шаяхмет Үмбетов жалғастырды. Филиал төрағасы әуелі ҚР Ауылшаруашылығы ардагерлер кеңесінің қоғамдық бірлестігі атынан Серік Баймағанбетовке «Құрметті ардагер» төсбелгісін салтанатты тұрде табыс етті. Бұдан кейін ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан үлесі мен белсенді азаматтық көзқарасы үшін Жезді кентіндегі «Жезбұлақ» коммуналдық кәсіпорынның директоры Бейбіт Сайдалиннің омырауына ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тақты.
Айтулы күн аясында мемлекеттік қызмет қатарына жаңа келген мемлекеттік қызметшілер Бибігүл Төлеу, Данияр Қалыбек, Айнагүл Такеева салтанатты түрде ант қабылдап, қызметте адалдықты ту етерін жеткізді.
Шара соңы «Ата Заң – алтын діңгегім» атты мерекелік концертке ұласты. Әдемі әндер шырқалып, сазды бағдарламамен жалғасты. Бұл жолы жергілікті өнерпаздардан бөлек, қалалық әншілер де ән салды. Гүлдәурен Жидебаева, Нұрлан Мұсабеков әннен шашу шашып, мерекелік шараның көркін қыздырды. Сондай-ақ, көрермендер «Гүлдәурен» ән-би ансамблінің өнерінде тамашалады. Сөйтіп, ел өмірінде мәні мен маңызы ерекше, рухы биік мерекені ұлытаулықтар жоғары деңгейде атап өтті.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.