Атқарылған жұмыстар ауқымды, алда тұрған міндеттер де аз емес

Келер жылы Ұлытауда жаңа мектептің құрылысы басталады. Бұл туралы Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Ұлытау ауданының халқымен кездесуінде айтты. Кездесуге облыс əкімінің орынбасары Ұлантай ҮСЕНОВ, аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, басқарма, бөлім басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Тұрғындармен жүздесуде ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар мен келер жылдың жоспары баян етілді.

Кездесу облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының баяндамасымен басталды. Облыс басшысының айтуынша, барлық салада ілгерілеушілік байқалады. Мысалы білім саласында біршама жетістіктер баршылық. 2024 жылы аудан орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық мектеп құрылысы басталады. Ағымдағы жылы ауданға қарасты 2 мектепке 17,7 млн. теңгеге спорт алаңдары орнатылды. 29,2 млн. теңгеге тағы 2 мектепке модульді қазандық орнатылды. «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен аудан орталығындағы №1 Ұлытау тірек мектебі толық заманауи құрылғылармен жəне арнайы кабинеттермен жабдықталды. Облыстық бюджеттен аудан мектептеріне жаңа автобус кілттері табысталды.
Сонымен қатар, аудан көлемінде ұялы байланысты дұрыстау мəселесі де сөз болды. Елді-мекендерді интернетпен қамту үшін облыстық маңызы бар жолдарға 17 АДҚ салу жоспарлануда, Ұлытау ауданы аумағында 10 АДҚ салынбақ.
Денсаулық сақтау саласында да ауыз толтырып айтар жетістіктер бар. Биыл аудан көлемінде 6 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Сонымен қатар аудан орталығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 100 орындық емханасы бар, 20 төсекке арналған аурухана құрылысы басталды.

Облыс басшысының баяндамасынан соң, Ұлытау ауданының 2023 жылға жол-көлік инфраструктурасын арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар жайлы Ұлытау облысы жол көлігі жəне автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Жомарт Бегаев баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, «Сəтбаев – Малшыбай – Жошыхан, Домбауыл кесенесі» Ұлытау облысының көлік инфрақұрылымын жəне туризмді дамыту бойынша облыстық маңызы бар «Сəтбаев – Малшыбай – Жошыхан, Домбауыл кесенесі» 19,5 шақырым автомобиль жолының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 6,1 млрд. теңгені құрайды. Мердігер ұйым «Самға» ЖШС. Жобаның түзетуден кейінгі жалпы құны – 9,6 млрд. теңгені құрайды.
Ағымдағы жылы «Сəтбаев-Малшыбай-Жошыхан, Домбауыл кесенесі» автомобиль жолының құрылысына Ұлттық қордан 1,0 млрд.теңге жəне ОБ 300 млн. тг бөлінді. Қазіргі таңда, 3 дана су өткізгіш құбырлар орнатылды. 10,2 шақырым қара қиыршық тас жəне ірі түйіршікті асфальтбетон төселді жəне 25 дана көпір тірегінің қадаларын (свай) жəне көпір тіректерінің іргетасын орнату жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы аудан бойынша 515 млн. 313 мың теңге қаржыға 23 км 113 метр жол жөнделеді деп жоспарланды. Бүгінгі күнге 355 млн. 611 мың теңге қаржыға 18 км 613 метр жол жөнделіп аяқталды.
Қарсақбай кентінен темір жол станциясына дейінгі ішкі жолын (4,5 шақырым) орташа жөндеуге 216 млн. 238 мың теңге қарастырылды. Жеңімпаз – «Самға» ЖШС. Жұмыстар жүріп жатыр. 2024 жылы аяқталады.
Жыланды селосы кіре беріс жолын (10 шақырым) орташа жөндеу республикалық бюджеттен 1 млрд 514 млн теңге (21,24 км) қаралып, сапа орталығында сараптамадан өткізілді. Жұмыстар 2023-2024 жылдары орындалады деп ашық конкурс беріліп, «Алмас Құрылыс Қазақстан» ЖШС жеңімпаз болды. 2023 жылы 224 млн. 872 мың теңге жұмыстары (3 дана су ағар трубалар орнатылады, бетіндегі асфальт жабындысы қырылады, жол жиектері жасалды) орындалды. Орындау актілері рəсімделіп болған соң 2023 жылға қаралған қаржы толығымен игеріледі.
Облыстың ауылдық елді мекендерін 100% сумен қамтамасыз ету мақсатында «Ұлытау ауылының су құбыры желісін қайта жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Аталған жоба 2022 жылы басталып, республикалық бюджеттен 317280 мың. тенге, 2023 жылы облыстық бюджет есебінен 95 млн. теңге болатын.
Ұлытау ауданында жоспар бойынша екі ауылдық елді мекенде 2 КБМ орнату болатын (Түйемойнақ жергілікті бюджет есебінен 11 млн.теңге, Айыртау ауылында демеушілер есебінен КБМ орнату жұмыстары жүргізілуде).
Сонымен қатар, Қарсақбай кентінде облыстық бюджет есебінен (18 млн. тенге) КБМ орнатылып, бүгінгі таңда 1300 халық таза сумен қамтылуда.
Ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 12 ауылда (Айыртау, Құлжанбай, Талдықұдық, Боздақ, Нарөлген, Талдысай, Қоскөл, Өрнек, Үңгірлі, №60 разъезд, №66 разъез) «Кокшетаугидрогеология» АҚ-мен іздеу барлау жұмыстары жүргізілді.
Іздеу барлау жұмыстарының нəтижесінде 7 ауылда (Айыртау, Боздақ, Талдысай, Қоскол, Өрнек, Үңгірлі, Сəтбаев) тұтынуға жарамды шаруашылық ауыз су табылып, «Қазақстан Республикасы Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі Геология комитетінің Орталық Қазақстан өңіраралық геология департаменті «Орталыққазжерқойнауы» РММ-нің 26.09.2023 жылғы №1906-У хаттамасымен 27 жылға пайдалану мерзіміне бекітілді.

Ұлытау облыстық ветеринария басқармасының басшысы Əбусағит Əбдікердің айтуынша, облыста ветеринария саласы цифрлануда. «Арнайы қосымшаны жүктеу арқылы қораңызда тұрған төрт түлік малыңыздың өз атыңызға тіркелгендігін жəне олардың егу жоспарын бақылай аласыз»,- деді басқарма басшысы. 2023 жылға арналған жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралардың бекітілген жоспарына сəйкес, Ұлытау ауданы аумағында егу жұмыстары жүргізілген.
Басқарма басшысының баяндамасынан білгеніміздей, бүгінгі күні Ұлытау ауданы бойынша 28314 бас ірі қара мал, 65870 бас ұсақ мүйізді мал, 8963 бас жылқы, 55 бас түйе ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесіне тіркей отырып, бірдейлендіруден өтті. Жылқы малдарын бірдейлендіру (чиптеу) мал иелерінің есебінен жүргізілген.
Ветеринариялық талапқа сай, елді-мекендер мал сою алаңдарымен жəне мал қорымдарымен (өлекселер өртейтін пеш) қамтылуы тиіс. Ұлытау ауданы бойынша типтік 4 мал қорымы бар. 2023 жылы Сарысу, Қарсақбай мал қорымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда қолданысқа берілді. 2024 жылға Ұлытау, Жезді мал қорымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«2023 жылы ветстанция тарапынан үнемделген қаражат есебінен үш УАЗ Патриот Профи, бес УАЗ Патриот Пикап автокөліктері алынды. Ауданда 15 ветеринариялық пункт бар. Жер-жерлерде ветеринар мамандары жеткіліксіз», — деді Əбусағит Əбдікер.

Жиын соңында аудан əкімі Аманжол Мырзабеков халықты атқарылған жұмыстарымен таныстырып, аудан тұрғындары тарапынан түскен бірнеше сауалдарға жауап берді. Атап айтар болсақ, интернет желісінің жұмысы, «Қазпошта» тасымалдау жүйесіндегі мəселелер, жаңа тұрғын үйлерді жылыту жəне жол мəселесін шешуге қатысты сұрақтарға облыс жəне аудан басшылығы жауап беріп, мəселелер бойынша тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.

Берік Əбдіғалиұлы кездесуден кейін 3 азаматты жеке мəселелері бойынша қабылдады.

Альмира ОСПАН.