Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен кездесті
Президент Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстан және Францияның төрағалығымен өтіп жатқан саммит әлемдегі экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл. Президенттің айтуынша, осы кезеңде екі ел арасында сенімді саяси диалог жолға қойылып, берік құқықтық база қалыптасты. Сондай-ақ бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асты.
Кездесу барысында энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстанды Сауд Арабиясының Орталық Азиядағы маңызды серіктесі деп атады. Премьер-министрдің пікірінше, екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын қарқынды түрде дамытуға мол мүмкіндік бар.
Әңгімелесу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды.