Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауғанстандағы жағдай азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін»
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбеде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ақорда.
«Біздің бақылауымызша Ауғанстандағы жағдай аса қатты тұрақсызданып, азаматтық соғысқа ұласуы мүмкін. Жаңадан уақытша үкімет құрылды. Оның құрамы мен ниеті туралы әлемде әртүрлі пікір бар. Жаңа тәліп әкімшілігінің құрылуы Ауғанстанда бейбітшіліктің орнағанын және экономикалық тұрғыдан даму үшін қажетті жағдайлар жасалатынын білдірмейді. Бұл жерде күтпеген кедергілер бары анық», — деді Тоқаев.
Президент Ауғанстандағы ахуалдың ушығуына алаңдайтынын білдірді. Оның пікірінше, осы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай гуманитарлық дағдарысқа қарай бет алған.
«Ауғанстанмен арадағы қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды мүмкіндігінше қайта қалпына келтіру маңызды деп санаймын. Ауғанстандағы ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымдарын әзірлеуге қатысты жаңа биліктің қызметін мұқият бақылауды жалғастыру қажет деп ойлаймын. Біздің негізгі бағдарымыз – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімі. Қазақстан оны толық қолдауға ниетті», – деді ол.
Тоқаев оңтүстік шекара әрі ҰҚШҰ-ның өзіндік «қауіпсіздік белдеуі» саналатын тәжік шекарасын бекемдеуге жан-жақты көмек көрсету қажет деп санайды.
Мемлекет басшысы Ауғанстанның жаңа билігімен іс-қимылдарды үйлестіру және ықпалдастықты қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
«Жаңа ауған билігінің шекаралас мемлекеттер мен аймақтарға терроризм қаупінің таралмауына жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы – біздің айқын басымдығымыз. Бұл есірткі тасымалы мен заңсыз көшуге қатысты. Олармен күрес барлық мүдделі тараптардың ұжымдық күш-жігерін талап етеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті ауған босқындарын және елдеріміздің аумағында шетелдің әскери базасын орналастырудың тиімсіздігі туралы ортақ ұстанымды қолдады. Сонымен қатар гуманитарлық көмек пен ауған халқына халықаралық қолдау көрсетудің маңыздылығы ескеріліп, БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясының қызметкерлері Алматы қаласында уақытша орналастырылғанын айтты.
Сондай-ақ отырыс барысында Қазақстан халықаралық үш келісімнің қабылдануын құптады. Атап айтқанда, юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері, ҰҚШҰ әскерлерін материалдық-техникалық қолдау және медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ Бітімгерлік қызмет туралы келісім хаттамасы.
Бұдан бөлек Тоқаев БҰҰ аясында Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысын қолдағаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев барша әріптесін бұл бастаманы БҰҰ-да ілгерілету ісінде Қазақстанды қолдауға шақырды.
Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдады. Қазақстан президентінің айтуынша, бұл жұмысымыздың маңызды бағдары және әлемдік қоғамдастыққа берілген айқын белгі.