Астық сұр көбелегі

Астық сұр көбелегі, дән сұр көбелегі (Apamea anceps) – дәнді дақылдар зиянкесі, қоңыр көбелектер тұқымдасына жатады. Қазақстаннның барлық аймағында кең тараған.

Олар бидайды, қара бидайды, аздап арпаны, кейде жүгеріні зақымдайды. Ұзындығы 15-18 мм, қанаттарының түсі сұр немесе қоңырқай сұр, ақшыл келеді. Жылына бір ұрпақ береді. Жұлдызқұрттары 5-15 см тереңдіктегі топырақта қыстайды. Төгілген астық дәнімен немесе жабайы астық тұқымдас өсімдіктердің көгімен қоректенеді. Мамыр айында топырақтың беткі қабатында қуыршаққа айналып, дамуы 25-35 күнге созылады. Маусым айында ұша бастайды, түнде қоректенеді, ал күндіз өсімдіктер мен жапырақтардың арасына немесе топырақ астына тығылады. Ол 2500 жұмыртқаға дейін салады. Эмбрионалдық дамуы 5-15 күн. Әрбір жұлдызқұрт қысқы ұйқыға кеткенге дейін 2г- ға жуық астық дәнін жейді.

Сұр көбелектің табиғи жаулары: кірпі шыбындары, өрмекшілер, барылдақ қоңыздар, гранулеза вирусы. Кейде жұлдызқұрттардың 85-90 %-ы вирустан қырылып қалады. Егістік жерлерді сапалы жырту, топырақты жақсы баптау және инсектицидтер шашу арқылы олардың залалын азайтуға болады.

ҚР АШМ АӨК МИК «Ұлытау аудандық аумақтық инспекция» мемлекеттік мекемесі.