Астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумына қатысып жатыр. Ол форумдағы сөзін қаланың құрылған кезден бері атқарған жұмысына баға беруден бастады.

– Бүгін бауырлас қалалардың басшылары осы форумда бас қосып отыр. Әлемнің әр түкпірінен арнайы келген мәртебелі меймандар бар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздермен Астана қаласында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Биыл біздің елордамызға 25 жыл толып отыр. Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр, – деп бастады Мемлекет басшысы сөзін.

Одан әрі Президент аталған мамандық иелерінің тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысқанын, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосқанын айтып, шынайы алғысын білдірді.

Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды, – деді Президент.

Осы ретте, Мемлекет басшысы астананы көшіру оңай болмағанын, қыруар жұмыс істеліп, елорданы көшіру туралы шешімнің өте қиын кезеңде қабылданғанын атап өтті.

– Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек, – деді Президент.

Форумда Президент сөзін жалғастыра келіп, Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу керектігін айтты.

– Басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе. Елорданың заманауи келбетін қалыптастыруға Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілер атсалысты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, «Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Хан шатыр» кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түсті. Бас қаламыз «Астана опера», «Астана балет» сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылды. Жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді.