Қасиетті Рамазан – татулық пен береке айы

«Рамазан айы – адам баласына тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсірілген ай.

Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді. Сендерді тура жолға салған Аллаһқа шүкіршілік етулерің үшін күндердің есесін толықтырып, оны ұлықтаңдар!» («Бақара» сүресі, 185-аят). Исламның бес парызының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау, әрбір балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс мұсылманның Рамазан айында ораза ұстауы – парыз. Ораза – таң атқаннан күн батқанға дейін Аллаһ разылығы үшін ниет етіп, ішіп – жеуден, жыныстық қатынастан тыйылу. Ал, парыз етілген оразаның денсаулығым жақсарсын немесе салмағым азайсын деген сыңайлы ниетпен ұстау дұрыс емес. Оразаны – Аллаһ разылығы және мойындағы міндетті орындау үшін ұстау керек. Ораза араб тіліндегі «Ас — СОУМ» деген сөзден шыққан.
Мағынасы өзін – өзі тоқтату, тартыну, тыйылу деген ұғымды білдіреді. Алла тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Сендердің бұрынғыларға ораза ұстау парыз болған секілді сендерге ораза ұстау парызы етіледі» деп атап көрсетеді. Жаратушы иеміз бізге дейін үмметке де оразаны парыз еткені белгілі. Ал, парыз – Алланың бұйрығы.
Ислам діні науқас жандарға ораза ұстауды міндеттемейді. Яғни, олар ораза парызынан босатылған. Бірақ, оған ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға підия беру – уәжіп. Бұл міндет ауруының айығуы үміт етілмеген жандармен ораза ұстауға шамасы жетпеген кісілерге арналған. Созылмалы дертке шалдыққан кісілерге ауыз бекітпеулеріне болады. Сонымен қатар, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе, сондай -ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді. Егер аз уақыт ауырып қалған болса, (мысалы үшін суық тию, тұмаурату, т.б.) оразасын қаза етіп кейін қазасын өтейді.
Ораза ұстаған кісіге «Оразаң қабыл болсын!» деп демеу беріп мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – саналы әрбір мұсылманның міндеті. Әрбір ораза кезінде Аллаһтан қорқып бір нәрсені ішіп-жеп қоюдан сақтанады. Ораза көзге көрінбейтін, Аллаһтан басқа ешкім білмейтін ғибадат түрі болғандықтан өзге құлшылықтардан сауабы өте көп.
Тағы бір айта кетерлігі, зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Негізінде, зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оныңда сауабы еселеніп жазылады. Енді бір еске салатыны егер ине егу арқылы адамның бойына жіберілетін дәрі – дәрмектің құрамында дәрумендер болып немесе ол дәрі – дәрмек азық орына пайдаланылып, адам ағзасына қуат беретін болса, онда ол болмайды. Мұндай дәрі-дәрмекті ауызды ашқаннан пайдалану керек. Ораза – бізді дүниеде жамандықтан сақтайтын, ақыретте жаһаннамның отынан қорғайтын маңызды құлшылық. Ораза айындағы ғибадаттарыңыз қабыл болып, Алла Тағала бәрімізге де Рамазан айының игілігін нәсіп етіп, ораза сауаптарының нұрына шомылдырғай! Мүбәрак айда, күн мен кештерді ғибадатпен сауапты амалдар жасап, қадір – қасиетін түсініп, Алла Тағаланың сүйікті құлдарының қатарынан болайық!
Алла Тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды оразадан – оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Берекелі айдың берекеті молынан болсын. Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!

Жанболат РАҚЫМБЕРДИЕВ,
Ұлытау аудандық орталық мешітінің бас имамы.