Ардақты ақ халатты абзал жандар!
Медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты екені баршаға белгілі. Бұл мамандық иесі – халықпен біте қайнасып қызмет жасайтын, қастерлі еңбек иесі. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі Медицина қызметкерлері күні ретінде кеңінен атап өтіледі. Дертке – шипа, денге саулық сыйлайтын мерейлі мамандық иелері – Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!
«Бірінші байлық – денсаулық» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сырқаттана қалсақ, тәнімізді емдеп, жанымызға шипа сыйлайтын дәрігерлер – қандай да құрметке лайықты жандар. Олардың тәулік бойы көз ілмей, тәуекелге бел буып, тынымсыз кешетін тірлігін жанкештілік деп бағалау керек.
Әлемді шарпыған қауіпті індет талай мемлекетті әбігерге түсірді. Осынау жер шарын жайлаған індетпен күресте дәрігер мамандығының маңызы арта түсті. Олардың жан жылуы мен аялы алақаны, жүрек мейірімі мен ілтипаты өмірдің өзегі болып қала берері даусыз.
Күрделі кезеңде мемлекет барлық қолдау шараларын дер кезінде қабылдады.
Аудандағы дәрігерлер мен сала мамандары қатерлі індетпен күресте алдыңғы қатарда болып, аянбай еңбек етіп келеді. Биылғы жылы аудан аумағындағы бірнеше ауылда медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салу жоспарда тұр. Жедел жәрдем көліктері жаңаланып, медицина мекемелерін заманауи жабдықтармен жарақтандыру қолға алынуда. Ауданға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы жас мамандар келіп, еңбек етуде.
Қымбатты денсаулық сақтау саласының мамандары!
Сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
Төгілген тер, танытқан төзімдеріңіз үшін алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да халықтың ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспіз!
Шипалы қолдарыңыздан емін тапқан азаматтар көп болсын!
Отбасыларыңызға, өздеріңізге амандық, саулық тілейміз!
Еліміздің бүгіні баянды, ертеңі нұрлы, келешегі келбетті болсын!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.