Қарашаңырақтағы еңбек күні

1928 жылдың 19 қазанында Қарсақбай мыс зауытында алғаш рет мыс балқымасы алынды. Бұл– қазақ түсті металлургиясының тарихында алтын әріптермен әдіптеліп қалған күн. Жыл сайын бұл күнді қарсақбайлықтар атаусыз қалдырмайды. Ал, биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.

Маған бұл «Қарсақбай жылы» дегендей әсер етті. Өйткені, қазақ жұмыскерлері қалыптасқан орда біздің Қарсақбай ғой – дейді М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі музейінің директоры Зейпін Зікірқызы.
Қарсақбайдағы Қаныш Сәтбаевтың музей-үйінде «Қарашаңырақтағы еңбек күні» тақырыбы аясында еңбек ардагерлерімен көрме-кездесу ұйымдастырылды. Көрмеге мыс өндірісі тарихында өшпес із қалдырған алғашқылар мен құрметті металлургтер, инженер-техниктер, даңқты өндіріс жетекшілерінің жеке комплекстерінен 200-ге жуық жәдігер шығарылды. М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі музейінің бөлім басшысы Үрзия Қапарова көрмеге қойылған әрбір жәдігер туралы мәлімет беріп, тыңдаушыларын тарихтың тереңіне бойлатты. Мысалы, алғашқы балқытушылардың бірі болған Мұзараф Жүсіпов бірнеше орден-медальдармен, соның ішінде, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Бір қызығы, Еңбек Қызыл Ту орденінің алғашқы шыққан нұсқасы кейінірек жаңартылып, қайтадан шығарылған екен. Мұзекең соның екеуін де кеудесіне таққан.
Музейде өткен кездесуде Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы А.Құрмансейітов, Сәтбаев қаласы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ө.Ахметов, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Дастанов, Қазақстанның Еңбек Ері, кенші Т.Мақышев, Қарсақбай мыс заводының еңбек ардагерлері А.Маменов, С.Нұрмағанбетов, аймаққа танымал өнер майталманы, жыршы М.Қожахметов, Қарсақбай зауыты Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Алпысбаева, ҚР Ұлттық музейі көрме-экспозиция бөлімінің жетекшісі А.Нұрмағанбетов сөз сөйледі.
Қарсақбай – елжанды тұлғаларымен де танымал. Солардың бірі – өлкетанушы, қарашаңырақ Қарсақбайдың жанашыры Тоңболат Мұқанұлы еді. Білімдар әрі жан-жақты азамат Жезқазған даласында өсетін жабайы қызғалдақты жерсіндіріп, өз бақшасында өсірген табиғат жанашыры да болатын. Ол «биыл күзде музейдің алдына қызғалдақтарымды апарып, өзім егіп беремін» дейді екен. Тағдырдың шешімі басқаша болды. Бірақ, Тоқаңның аманатына адалдық танытқан замандастары мен іні-қарындастары, өзінің ұл-қыздары Жезқазғанның сирек байлығындай «Қызыл кітапқа» енген дала гүлдерінің тұқымын ардагердің бақшасынан арнайы қазып әкеліп, академик музейінің ауласына отырғызды.
«Жаңбыр жауып мен қыдырған қырқада, Қызғалдақтап көктей берер қыр гүлі» деп, Шынболат Ділдебаев жырлағандай, өмір жалғаса береді. Тарих еңбегі сіңген ерлерінің, тұлғалы азаматтарының рухын ешқашан тасада қалдырмайды, ұмытпайды.

Абдолла НҰРТАУҰЛЫ.