Қарашаңырақтағы қарымды істер

Қарсақбай металлургия зауытында бүгінгі таңда әр саланы меңгерген жандар жұмыс істейді. Олардың қатарында еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандар да, өз ісін бес саусағындай білетін, металлургия саласының қыр-сырына қанық, білікті де білімді, тәжірибелі мамандар да бар. Жуырда біз осы зауыттың құю-механикалық учаскесінің басшысы Ғабит ЕРМАҒАНБЕТОВКЕ хабарласып, учаскенің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы кеңінен әңгімелескен едік.


– Ғабит Әнуарбекұлы, өзіңіз басқаратын учаскеде қанша адам еңбек етеді? Жоспар қалай орындалып жатыр? Әңгімені осыдан бастасақ..
. – Біздің учаске – зауыттың негізгі тірегі. Мұнда бүгінгі күні 58 адам еңбек етеді. Олардың 30-ы құюшылар мен қалыптаушылар, қалғандары токарьлар мен слесарьлар. Негізгі жұмысымыз – металл құю. Оның айлық жоспары – 25 тонна. Жылдығы – 300 тонна. Тапсырыс берушілер – «Қазақмыс» корпорациясының құрылымдары. Атап айтқанда, байыту фабрикасы, мыс қорыту зауыты, шахталар. Мұның сыртында қанаттас жатқан қос қаланың өзге де кәсіпорындарынан тапсырыстар түсіп тұрады.
– Шикізат қоры қайдан келеді?
– Жыл сайын біз жұмыс жоспарын жасағанда бір жылда қанша тапсырыс түсетінін жобалаймыз. Осыған орай, корпорацияның материалдық-техникалық жабдықтау басқармасына сұраныс тапсырамыз. Сол арқылы жылға қажетті шикізат қорын жасаймыз. Құятын бөлшектеріміз негізінен шойын болғандықтан, шикізатымыз да – шойын.
– Озаттарыңыз жайлы не айта аласыз?
– Бар ғұмырын балқытушылық кәсіпке арнап, осы саланың «қызығы» мен «шыжығын» жас мамандарға үйретіп, тәлімгер атанып жүрген жандар бізде аз емес. Жалынның ортасында от көсеп жүрген құюшылар Сәлімжан Нұрмұхамбетов, Мұрат Мұқанов, Серік Қазкенов, Бақтияр Аңсағаев сынды жандардан мамандығы жайлы сұрай қалсаңыз, майын тамызып тұрып, бүге-шігесіне дейін жеткізіп береді. Өз өмірін өндірістегі еңбектің ыстық-суығынсыз елестете алмайтын олар әрдайым ыстық пештің қасында – жұмыс үстінде. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін, тек мықтының мықтысы ғана меңгеретін мамандық иелері – олар. Ал, осы құйылып, дайындалған бұйымдарды қалыпқа келтіріп, қырнап-сырып дұрыстау – токарьлардың мойнында. Бұл істе Оразай Жанәділов, Жанкелді Әлиакпаров, Серік Тұрғынбаев зауыттың мақтанышы болып отыр.
– Өзіңіз жайлы берер ауыз айта кетсеңіз?
– Мен байырғы металлургтің ұрпағымын. Әкем Әнуарбек кезінде осы Қарсақбай металлургия зауытында жұмыс істеген. Қадыр Мәткеновпен бір цехта жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан кісі еді. Өзім 1984 жылы әскер қатарынан келген соң еңбек жолымды осы қарашаңырақта бастадым. Эксковатор-бульдозер цехында жүргізуші болдым. 1987 жылы құю-механика учаскесіне слесарь болып ауыстым. Отыз жылға жуық сол учаскеде еңбек етіп, сатылап жоғарыладым. Қазір учаске басшысымын. Ұлым Досбол да осы зауытта еңбек етіп жатыр.
– Жастардың зауытқа келуі қалай?
– Таза жоқ деуге болмас. Бірен-саран жастар еңбек жолын осында бастап, Жезқазғандағы өндіріс орындарына кетіп жатыр. Тіпті, Жезқазғаннан осында келгендер де бар. Мәселен, Самат Машрапов деген жігіт ЛМЗ-дан осында ауысып келді. Өзі осы Қарсақбайдың баласы.
– Еңбек адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Еңбектің өнімді болуы еңбек адамдарына жасалатын жағдайға тікелей қатысты ғой. Осы мақсатта біз өз жұмыскерлеріміздің еңбек демалыстарында шипажайға, курортқа барып, жақсы тынығып келулеріне, сауығып оралуларына барынша мүмкіндік жасап жатырмыз. «КәсіпҚорған» кәсіподақ ұйымы арқылы «Сарыағаш», «Арман», «Жаңақорған», «Алтын Қарғалы» сияқты шипажайларға жолдама алып береміз. Жолдама жеңілдікпен беріледі. Өздеріне – 40, отбасына 60 процент жеңілдік қарастырылған. Мұның сыртында балалы болғандарға бір мезеттік көтерме қаражат төленеді. Жастарға Жастар одағының туған күніне сый-сияпат жасайды. Мерейтойлар да ескерусіз қалмайды. Мақтау қағазы, Алғыс хат және қаржылай сыйақы беріледі. Осылайша, жұмыскерлерімізді көтермелеп отырамыз.
– Әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.