Қарапайым қоқыс игі істерге жарамды

«Мейірімді қақпақ» — көмек көрсетуге және қоқысты бөлек жинауға бағытталған жоба. Оның бастамашысы Қарағанды қаласындағы «Радость» қайырымдылық дүкендерінің басшысы Меруерт Арғымбаева болды. Игі бастаманы ерікті және котокафенің негізін қалаушы Инна Радченко қолдай түсті. Жоба тек пластикалық қақпақтарды ғана емес, сонымен қатар макулатура, картон, қатты пластикті де жинауды мақсат етеді.

Бүгінде акция облыс бойынша сәтті жүзеге асырылуда. Жобаға осыған дейін Теміртау мен Балқаш қосылған болатын. Жиналған қайталама шикізат шарт бойынша «Қалдықтарды басқару жөніндегі қазақстандық оператор» ЖШС қайта өңдеуге тапсырылады.

— Біз батарейкаларды жинаймыз. Пластикалық қоқыс пен қағаздың көп мөлшері жиналғаннан кейін біз оны қайта өңдеуге тапсырамыз. Барлық жиналған қаражат қайырымдылыққа жіберіледі. «Радость» дүкендері ерекше балаларға көмектеседі, ал біз бұл ақшаға үйсіз жануарларды зарарсыздандырамыз, емдейміз, тамақтандырамыз, — дейді Инна Радченко.

Өткен жылы акцияға «Добро» дәмханасы қосылды. Жаз бойы мекеменің алдында қақпақтарды жинауға арналған чемодан тұрды. Бұл идеяны көптеген қалалық мектептер, оның ішінде №95 және №63 орта мектептер қабылдады. Саран және Шахтинск қалаларының оқушылары пластикалық қоқыс жинауда белсенділік танытады.

— Жиынға жеке фирмалар да, мемлекеттік компаниялар да қатысып отырғаны өте жақсы. Жақында ЖЭО-3 бізге көптеген қақпақтарды алып келді. Кеңселерден қажетсіз банкалар мен қақпақтар алып келіп, тапсырады. Ай сайын бізге 200 келіге дейін пластик келіп түседі. Демек, бұл пластик тасталмай, жақсы істерге бағытталады, — дейді «У рыжего кота» котокафесінің жетекшісі.

Инна Радченконың айтуынша, жобаның мақсаты мұқтаж жандарға ақша жинау ғана емес (қайталама шикізатқа баға төмен), бастысы — қоқысты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Облыс тұрғындарына қоқысты қайта өңдеуге, сондай-ақ оны бөлек жинауға болатынын және керек екенін жеткізу маңызды. Себебі кішкентай әдеттерден үлкен істер басталады. Және бұл өте қызықты! Котокафеде тіпті дойбы орнына қақпақтарды қолданып, чемпионат ұйымдастырылған.

Егер Сіз «Мейірімді қақпақ» акциясына қатысқыңыз келсе, таза пластикалық қақпақтарды және сүттен, шырыннан, тіс пастасынан, судан қалған қатты пластикті «Котокафеге» тапсырсаңыз болады. Мекен-жайы: Ерубаев көшесі, 50.